Қазақстан Парламенті Сенаты жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық туралы заңды екі оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар, рақымшылықты іске асыруға қажетті қылмыстық, қылмыстық-процестік, әкімшілік құқық бұзушылық және атқару өндірісі салаларындағы заңнамалық түзетулер де қабылданды, деп хабарлайды ult.kz.

Заң жобасы тек рақымшылық тетігін енгізумен шектелмей, құқықтық жүйені жетілдіруге, ізгілендіруге және цифрландыруға бағытталған кешенді өзгерістерді қамтиды. Дегенмен әзірлеушілер бұл бастама қылмыстық саясаттың жұмсаруын білдірмейтінін, аса ауыр қылмыстар бойынша жауапкершілік сақталатынын атап өтті.

Құжатқа сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар, ауыр емес қылмыстар және кейбір өтелген немесе зиян келтірілмеген орташа ауырлықтағы істер бойынша тұлғалар жауапкершіліктен немесе негізгі жазадан босатылуы мүмкін. Сондай-ақ кейбір сотталғандардың өтелмеген жазасы қысқартылуы қарастырылған.

Алайда рақымшылық сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар, адам өлтіру, азаптау және мемлекеттік сатқындық сияқты аса ауыр қылмыстарға қолданылмайды.

Жаңа заңнамадағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – әкімшілік рақымшылық. Ол алғаш рет енгізіліп отыр және азаматтар мен кәсіпкерлердің орындалмаған әкімшілік айыппұлдарының толық немесе бір бөлігін жоюды көздейді. Рақымшылық қолданылғаннан кейін тиісті атқару өндірістері тоқтатылады.

Сонымен қатар, рақымшылық рәсімдерін цифрландыру тетіктері енгізіліп, шешімдердің автоматты түрде қабылдануы мен электронды форматта жүргізілуі қарастырылған. Бұл бюрократиялық процестерді қысқартып, құқық қолдану тиімділігін арттыруға бағытталған.

Қылмыстық-процестік заңнамаға да бірқатар өзгерістер енгізіліп, айыптау актілерін рәсімдеу мен тергеу нәтижелерін бекіту тәртібі нақтыланды. Бұл өзгерістер сот процесінің бірізділігін күшейтіп, құқықтық кепілдіктерді нығайтуға бағытталған.

Рақымшылық жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты 2026 жылғы 17 наурызда жарияланған кешенді құқықтық реформалар аясында жүзеге асырылып жатыр.