Атырауда түрмеге тыйым салынған заттарды алып кірмек болған. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлайды. Заң бұзғандарға 5546 әскери бөлімінің қызметшілері, қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері тұсау салған. Оқиға 17 ақпанда сағат 14:05 шамасында автокөлік өткізу пункітінде тіркелген.

– Бақылау тобы қызметтік-іздестіру итімен КамАЗ автокөлігіне кешенді тексеру жүргізді. Жеке құрамның қырағылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында автокөліктен ерекше иісі бар жасыл түсті орама табылып, тәркіленді. Эльза қызметтік иті тыйым салынған затты анықтап, бұл мән-жайды тексеру жүргізуге және затты тәркілеуге негіз болды. Бақылау тобының құрамында ефрейтор Нұрасыл Әбдреш пен кинолог-маман қатардағы Алмат Дүйсенов болды, – деп хабарлады Polisia.kz.

Қазіргі таңда абақтыға тыйым салынған заттарды алып кірмек болғандарға қатысты тергеу басталды.