Ұлттық банк коллекциялық жаңа монеталарды шығармақ
Жаңа коллекциялық монеталар Жеңістің 80 жылдығына арналған.

Жеңістің 80 жылдығына орай еліміздің реттеуші банкі жаңа монеталарды айналымға шығармақ. Монета «Ұлы Жеңіс. 80» деп аталады. Мұнда Отан қорғаушылардың ерлігі мен жанқиярлық рухына деген терең құрметтің белгісі бар. Бұл монеталар Ұлы Жеңіс туралы тарихи оқиғаны мәңгі есте сақтап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында шығарылып отыр. Монеталар атаулы датаға арналған мәдени әрі тарихи мұраны сақтау жолындағы ұмтылысты паш етеді. Монеталарда ерлікпен қаза тапқан қаһармандарды еске түсіретін мәңгілік алау көрініс тапқан. «80» санындағы ою-өрнек жеңіс лентасын бейнелейді және ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы элементтерімен үндесетін стильде орындалған. Жаңа монета екі номиналда айналымға шықпақ.
1000 теңгелік монета алтын жалатылған 925 сынамды күмістен жасалған. Оның салмағы – 31,1 грамм, диаметрі-38,61 милиметрді құрайды. Ол түрлі түсті баспа технологиясы қолданылған, дайындау сапасы – «proof», екі мың данамен шығады.
200 теңгелік монетасы нейзильбер қоспаларынан жасалған. Оның салмағы 7,5 грамм, диаметрі- 26 милиметр. Ол он мың данамен таралады.
Ұлттық банк коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банктік шоттарға есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға міндетті деп ескертеді.