Еліміздің Ұлттық банкі жақында «Сақ» стилінде айналымға енген 500 теңгелік банкнотаның қорғаныш белгілерін жіпке тізді. Бұл– жаңа стильде жарық көрген бесінші банкнота.
500 теңгелік банкнотада рельеф қалыптастыратын арнайы баспа түрі – алтын интаглио қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын түстес металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.
Алдыңғы бетінде саусаққа анық сезілетін бедерлі әрі жоғары рельефті элементтерді банкнотаның жиегінен аңғаруға болады. Ол – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.
Банкнота бетінде үзік-үзік пішінде монохромды қорғаныс жібі бар. Ол жарық түскенде бір тұтас жіпке айналады. Банкнотаны еңкіш тартып, көлбеу бұрышын өзгерткенде бұл жіптен көгілдір түстің лүпілдеп тұратын динамикалық әсерін байқауға болады.
Локальды су белгісінің қорғаныш элементі – электротип. Жарыққа тосқанда электротип белгісі номинал бейнесінде анық көрінеді.
«Сақ» стилі кезең-кезеңімен қолданысқа ене бастады. Жаңа серия Қазақстанның бай мұрасын бейнелейді. Шығарылым теңгенің қорғау дәрежесін арттыруға және елдің мәдени құндылықтары мен тарихын дәріптеуге бағытталған. Жаңа банкноталарда қорғаныш элементтері көбейеді. Банкноталарды дайындауда жаңа технология қолданылады. Әлем елдерінде әрбір 7-8 жыл сайын қағаз ақшалардың дизайнын өзгертіп, жасау технологиясын өзгертіп отырады.