2 часа назад

Қазақстанда «JOLSHY» бірыңғай дерекқоры іске қосылды

Ел аумағында автожол саласында жұмыс істейтін мамандардың дерегі сақталған бірыңғай қор жұмыс істейді.

Қазақстанда «JOLSHY» бірыңғай дерекқоры іске қосылды
Автордың фотосы

Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында «JOLSHY» бірыңғай дерекқоры іске қосылды. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады. Деректер https://jolshy.qazjolgzi.kz/ сілтемесі арқылы қолжетімді. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл бастама елде жол ғылыми-зерттеу институты әзірлеген жаңа цифрлық сервис кадр тапшылығын шешуге және саладағы басқару ашықтығын арттыруға бағытталған.

— Дерекқор студенттер, түлектер, инженерлер мен басшылар туралы мәліметтерді біріктіреді. Онда мамандардың білімі, еңбек өтілі және біліктілікті арттыру курстарынан өтуі туралы ақпарат сақталады. Қазіргі таңда екі мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Жұмыс берушілер үміткердің нақты кәсіби профилін көре алады, ал студенттер тәжірибеден өтіп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады, — делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.

Биылғы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап жол саласы қызметкерлері үшін біліктілікті міндетті түрде арттыру талабы енгізілген. Бұл үдеріс те «JOLSHY» дерекқоры арқылы тіркеледі. Көлік министрлігі жуық арада дерекқор «e-License» және «Enbek.kz» жүйелерімен біріктірілетінін хабарлады. 

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp