Орал қаласындағы маңызды қоғамдық кеңістіктердің бірі — Некрасов атындағы тынымбақ абаттандырылудан кейін қайта пайдалануға берілді.
Реконструкциялау жұмыстары 1,25 гектар аумақты қамтыды. Жаңғырту аясында тынымбақтың инфрақұрылымы толық жаңартылып, заманауи демалыс пен белсенді өмір салтына бейімделген орта қалыптастырылды.
Мұнда субұрқақтар, балалар ойын алаңдары, воркаут аймақтары, веложолдар, көгалды суару жүйесі мен жарықдиодты жарықтандыру элементтері орнатылды. Сондай-ақ демалыс аумағы жасыл желекпен көмкеріліп, 100 түп ағаш отырғызылды.
Бұл демалыс орны — әр жастағы тұрғын үшін қолайлы әрі қауіпсіз кеңістік. Мұнда серуендеп, спортпен шұғылданып, отбасымен жайлы уақыт өткізуге толық жағдай жасалған.
Жалпы, бүгінде қала аумағында 57 сквер мен демалыс аймағы болса, соның 41 толық абаттандырылған. Биыл Жайық өзені жағалауы мен Журналистер сквері де жаңартылып, тұрғындарға жаңа келбетпен қайта ұсынылды. Сонымен қатар, тағы алты сквер мен алаңда жалпы көлемі 32 мың шаршы метрді қамтыған ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.