Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар нарығын қатаң бақылауға алатын маңызды өзгеріс басталды. Жаңашылдық бірінші қыркүйектен бастап өз күшіне енеді. Жаңа ережеге сай барлық биологиялық белсенді қосаларды міндетті цифрлы таңбалау қажет. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Бұл қадам тұтынушыларды сапасыз өнімнен қорғап қана қоймай, нарықтағы заңсыз айналымға тосқауыл қоюға тиіс. Жаңа ережелер кәсіпкерлер мен қарапайым сатып алушылардың өмірін қалай өзгертпек?
Жаңа тәртіп не өзгертеді?
Бірінші қыркүйектен бастап ел аумағына әкелінетін немесе өндірілетін әрбір биологиялық белсенді қоспаның қаптамасында міндетті түрде бірегей Data Matrix коды болуы шарт. Бұл таңба өнімнің зауыттан шыққан сәтінен бастап дүкен сөресіне жеткенге дейінгі барлық жолын қадағалауға мүмкіндік береді.
Ал 2027 жылғы бірінші наурыздан бастап толыққанды электрондық құжат айналымы іске қосылады. Бұл кезеңде кәсіпкерлер арасындағы әрбір тауар алмасу операциясы міндетті түрде жүйе арқылы расталуы тиіс.
Сатып алушыларға қандай пайда бар?
Мемлекет бұл шара арқылы нарықтағы контрафактілік өнімдердің көзін жоюды көздеп отыр. Таңбалау жүйесі кеңінен тараған соң, әрбір тұтынушы дүкеннен витамин немесе қоспа сатып алмас бұрын оның заңдылығын тексере алады.
Мұның жолы өте қарапайым. Сатып алушы телефонына Naqty Onim қосымшасын жүктеп, қаптамадағы Data Matrix кодын сканерлесе жеткілікті.
Бизнес не істеуі керек?
Биологиялық белсенді қоспа саудасымен айналысатын кәсіпкерлер бұл өзгеріске ертерек қамданғаны жөн. Оларға алдымен tanba.markirovka.kz порталында тіркеліп, тауар карточкаларын алдын ала толтыру қажет.
Карточкаларды жаңарту белгілі бір уақытты талап ететіндіктен, бұл жұмысты соңғы сәтке қалдырмаған дұрыс. Айта кетейік, жаңа ереже күшіне енгенге дейін шығарылған таңбаланбаған өнімдерді жарамдылық мерзімі біткенше сатуға рұқсат етіледі.