Биыл 163 мыңнан астам қазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Оларға 5,2 миллиард теңге қаржы төленген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. 2026 жылы атаулы әлеуметтік көмекті төлеу үшін қазынадан 62,7 миллиард теңге қаражат бөлініпті.
Атаулы әлеуметтік төлем өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасы мүшелерін қызметке орналастырып, оларға демеу қаржы беріп, қиындықты еңсеруге көмектесуді көздейді.
Атаулы әлеуметтік төлем:
Табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындалады;
Табысы аз отбасылардағы бір мен алты жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайын қосымша төлем төленеді. Биылғы жылдың наурызына АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 50,1 мың балаға 618,1 миллион теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
Жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді көздейді.
Қазіргі таңда тұрғындар атаулы әлеуметтік төлем тағайындау үшін Мансап орталығы, ауыл әкімі мен электронды үкімет порталы арқылы өтініш жолдай алады.