Батыс Қазақстан облысында 2025 жылы 14285 адам ресми түрде жұмыссыз деп тіркелген. Бұл туралы еңбек мобильділігі орталығының басшысы Саян Баймұханов хабарлады. Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің 4683-і облыс орталығында тіркелген. Өңірде жұмыссыздық көрсеткіші 4,7% құрайды.

Елімізде жұмыссыздардың еңбекке араласуы үшін түрлі жоба мен бағдарлама іске асуда. Өңірде әлеуметтік жұмыс орны, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар мен «Күміс жас», кәсіпкерлік бастамаға жәрдемесу, кәсіптік оқыту мен субсидияланатын жұмыс орны атты демеу бағдарламасы бар.

Облыстық еңбек мобильділігі орталығының таратқан ақпаратына сүйенсек, 2025 жылы 23 822 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.

2025 жылы 2 788 адам кәсіптік оқыту бойынша білім алған. Оның ішінде 401 адам жұмыс берушілердің сұранысы бойына қысқа мерзімді оқыту курстарына және 2 387 адам skills.enbek.kz порталы арқылы онлайн курстан өткен.

3 506 адам «Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу» бағытына қатысты. Оның ішінде 402 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды, 3 104 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгерген.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 5 575 адам жолданыпты. Оның ішінде:

  • Ақылы қоғамдық жұмыстарға -2 617 адам;

  • Әлеуметтік жұмыс орындарына- 641 адам;

  • «Күміс жас» жобасына- 388 адам;

  • Жастар тәжірибесіне -1 666 адам;

  • «Алғашқы жұмыс орны» жобасына- 245 адам;

  • «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 18 адам қатысып, еңбекке араласқан.

Жұмыс берушілер мәлімдеген бос жұмыс орындарына 11953 адам жұмысқа орналасты.

Жұмыссыздар жұмыс іздеген жағдайда тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарына барып немесе «Электрондық еңбек биржасы» (enbek.kz), «Электрондық үкімет» (www.egov.kz) веб – порталдары арқылы өтінім беріп, жұмыс іздеуші ретінде тіркеле алады.