15 мамыр -Халықаралық отбасы күні. Осы мереке қарсаңында «Мой город» редакциясының тілшілері көпке үлгі болып жүрген Дускалиевтер әулетімен тілдесті. Шаңырақтың келінін сөзге тартып, өмірден түйген мен тәрбиесі туралы сұрадық. Алдымен Дускалиевтер жанұясы туралы біраз ақпар.
Дускалиевтер әулеті — Тасқала ауданының Шежін-2 ауылының тумасы. Отбасы бұрындары осы ауданға қарасты Қайрат ауылында өмір сүрген. 2008 жылдары қалаға қоныс аударыпты.
Жанұяның отағы – Мұхамбет Дускалиев. Ақсақал ауылда шопан болған. Ол жастарды тәрбиелеп, оларға ақыл-кеңесін аямапты. Оның зайыбы-Дариға Батырова. Дариға апай —еңбек етіп, ұл-қызын тәрбиелеген ана.
Әулеттің үш перзенті — Бейімбет, Асқар және Алмагүл де бүгінде өз алдына отау құрған. Олар түрлі салада тер төгіп жүр.
Қазіргі таңда әулеттің үлкендері зейнетке шыққан. Олар немере мен жиендерін бағып, туған-туыс, құда-жекжат пен көрші-көлемнің қуанышын мен қайғысын бөлісіп, ақыл-кеңесін аямай, жастарды бағыттауда.
Осы әулеттің үлкен келіні Гүлдана Нұржанова Батыс Қазақстан облысы әділет департаментінде бөлім басшысы болып еңбек етеді. Ол жолдасы Бейімбет Мұхамбетұлымен 2008 жылы отау құрған.
- Мен осы әулетке 2008 жылы келін болып түстім. Құда түсіп, анамның, ағамның алдынан өтіп, қазақтың барлық салт-дәстүрін ұстанды. Мен отбасының үлкен келіні боламын. Бәріміз Тасқала ауданының тумасымыз. Отбасында үш бала. Менің жолдасым Бейімбет 1979 жылы дүниеге келген. Өзім де сол жылы дүниеге келдім. Екінші ұлы-Асқар. Ол 1981 жылы дүниеге келген. Және ата-енемнің үшінші перзенті - Алмагүл. Ол 1983 жылы дүниеге келген. Қайынсіңлім -көпбалалы ана. Ол Тасқала ауданының орталығында тұрады. Балалардың барлығы аяқтанған. Асқар Жұлдыз есімді арумен шаңырақ көтерді. Қазіргі таңда ата-енем кенже ұлының қолында тұрады. Біздер қалада тұрамыз. Жолдасым екеуміз қызметтеміз, - дейді Дускалиевтер әулетінің үлкен келіні Гүлдана Нұржанова.
Гүлдана Нұржанова 20 жылға жуықтаған келіндік ғұмырында ата-енесінен көп тәлім-тәрбие алғанын айтады. Ол сұқбат барысында ата-енесінің есімін атамай, қазақтың Табу салтын сақтап, ат тергеді. Ол ата-анасындай болған жандар жайлы жылы лебізін білдірді.
- Әулетіміз - көпке үлгі. Өнегелі жанұя деп айтар едім. Ата-енем- тума-туысқа, көрші-көлемге қамқор жандар. Олар жақсылық пен қайғыны бөлісіп, жастарға ақылын аямай, жөн-жоралғыны түсіндіріп отырады. Ата-енем өз орталарында сыйлы. (...) Ата-енемнің өмірден түйген тәжірибесі көп. Олардың өзге жандармен сыйластығы, қарым-қатынасы бізге үлгі. Олар үйретуден жалықпайды. Көмек пен кеңес сұрасаң білгенін аямайды. (...) Олар үнемі бауырларының жағдайын біліп отырады. Қуаныштарында шашбауын көтеріп жүреді. Өздері зейнеткер болса да, қаржылай көмектеседі. (...) Осындай қамқорлықтарын көріп, жақсы қасиеттерін бойымызға жиғымыз келеді, -дейді Гүлдана Нұржанова.
Бүгінгі таңда Бейімбет пен Гүлдана —көпбалалы ата-ана. Олар төрт перзентін тәрбиелеп отыр. Балалары мектепте оқиды. Екі ересек қызы келер жылы мектеп бітіреді екен. Кейіпкерімізден перзент тәрбиесі жайлы сұрап білдік. Ол бала «Ұядан не көрсе, ұшқанды соны ілегеді», деген нақыл сөзді тілге тиек етті. Дускалиевтер әулеті балалар тәрбиесіне ерекше мән береді. Ол алған өнегесін, перзенттерінің бойына сіңіруді мақсат тұтады. Ол балаларға жанұяда берілген тәлім, үлкен өмірде бағыт-бағдар беретініне сенеді.
- Баланың тәрбиесіне аса мән береміз. Бала - біздің келешегіміз. Оларға адамгершілік, еңбексүйгіштік, адал, екі сөйлемеуге, тура жолдан таймай жүруге үйретеміз. Әулеттің үлкендерін үнемі үлгі етеміз. Ата-әжеңнің ақылын тыңдауды айтып отырамыз, -деп ойымен бөлісті Дускалиевтер әулетінің үлкен келіні.
Көпке үлгі әрі сыйлы Дускалиевтер жанұясы көптеген жарыстарға қатысып келеді. Әулет өткен жылы «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінде жеңімпаз атанды. Байқаудың облыстық кезеңінде «Қолөнершілер отбасы» атты аталым бұйырды.
Дускалиевтер жанұясы келешекте де талай жарысқа қатысып, бақ сынауды жоспарлап отыр.