Атақты ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық істің тергеп-тексеруі аяқталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Олар заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша айыпталуда.

Қаржылық мониторинг агенттігі 15 миллионнан астам оқырманы блогерлер азаматтардың сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған деп хабарлайды. Күдікке ілінген ерлі-зайыпты өткен жылы онлайн-курстарын сатамыз деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырыпты.

– Аталған «курстарды» сатып алудың негізгі себебі – қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу болған. Таратылған бейнематериалдар басым бөлігі басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін формалды түрде жасыру үшін ғана пайдаланылған. Жүлде қоры жария түрде мәлімделгендей жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға ақы төлеу түрінде қатысушылардан түскен ақша қаражаты есебінен қалыптастырылған, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Тергеу барысында электронды «сәттілік барабанының» параметрлерін өзгерту фактілері анықталыпты. Нәтижесінде бес мың теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырған. Ал құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.

Блогерлер ең көп репост жасаған қатысушыға он бірінші автокөлікті табысталғаны туралы ақпаратты жариялаған. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмай, сыйлық табысталмапты.

– Нәтижесінде азаматтардан «Zhana Business» ЖШС-нің бақылауындағы шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 247,5 миллион теңгені құраған, оның 60 миллион теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған. Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефонына және Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 автокөліктерін қоса алғанда, он автокөлікке тыйым салынды, – деп хабарлады Ернар Тайжан.

Қазіргі таңда ерлі-зайыпты күдіктілер үймақта отыр. Олар қылмыстық істің материалдарымен танысуда.