Батыс Қазақстан облысында ұстаздардың уақытын үнемдеп, қағазбастылықтан арылту үшін жасанды интеллекке екпін салмақ. Жаңашылдық жайлы білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин дәстүрлі тамыз кеңесінде айтып берді. Өңірдің бас ұстазы мектеп пен колледж мұғалімдеріне OpenAI компаниясымен келісім аясында алты мыңнан астам ChatGPT Edu лицензиясы берілгенін атап өтті.
- Бұл педагогтердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге, оқу процесін жетілдіруге, қысқа мерзімді жоспарлар мен бағалау материалдарын әзірлеуге, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға және білім беру мазмұнын жаңғыртуға мүмкіндік береді, - деп хабарлады Елдос Сафуллин.
Енді ұстаздар сабақ жоспарын жасауға және оқушы білімін бағалау материалдарын дайындауға кететін уақытын бірнеше есеге қысқарта алады. Жасанды интеллект сонымен қатар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, білім мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуға көмектеседі.
Өңірде тек оқыту үдерісі ғана емес, оқушы қауіпсіздігі де цифрлық бақылауға көшті. Төрт мектеп пен екі колледж базасында іске қосылған "AI Mektep" пилоттық жобасы оң нәтижесін көрсетіп үлгерді.
- Жоба аясында оқу үдерістерін автоматтандырумен қатар, жасанды интеллектке негізделген бейнеаналитика арқылы білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллинг пен тәуекелді жағдайларды ерте анықтау мүмкіндігі қалыптастырылды. Алдағы кезеңде бұл тәжірибе "Қазақтелеком" АҚ-ның оптикалық желісі тартылған барлық білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізілетін болады, - дейді Білім басқармасының басшысы.
Жасанды интеллектке негізделген арнайы бейнеаналитика мектептегі қауіп-қатерді ерте анықтайды. Бұл жүйе буллингтің жолын кесіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Кәсіби білім беру орындарында да ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. SmartNation платформасы арқылы колледждердегі оқу, кадр және қаржылық үдерістер бір жүйеге біріктірілді.
Ал қосымша білім беру саласында сынақтан өтіп жатқан DARTS платформасы электрондық журнал жүргізуді автоматтандырады. Бұл жүйе мұғалім жүктемесін тең бөліп, ата-аналармен байланысты жақсартуға септігін тигізеді.
Мектеп оқушыларына арналған Daryn AI Bagdar жобасы жасөспірімдерге болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектеседі. Жасанды интеллект баланың қабілеті мен қызығушылығын талдап, оған жеке білім траекториясын құрып береді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында сегіз мектеп пайдалануға берілмек.