«Мой город» порталының редакциясына «Сырым» өткізу пунктіне жете алмай, ұзын-сонар кезекте тұрған жүк көліктерінің жүргізушілері хабарласты. Олар шекарада мемлекеттік кірістер департаментінің бір қызметкері жұмыс істеп жатқанына шағымдануда. Шекара маңында он шақырымға жүк көліктері кезекте тұр екен.
– Мен таңғы сегіз жарымнан бері кезекте тұрмын. Мен келгенде 3,5 шақырым жүк көліктерінің кезегі болды. Қазір кезек «Сырым» өткізу пунктінен Погодаева (Бейбітшілік-ред. автор) ауылына дейін жалғасып тұр. Шекарада Қазақстаннан Ресейге өте алмай тұрмыз. «Сырым» өткізу бекетінде мемлекеттік кірістер департаментінің бір терезесі ғана істеп тұр. Мамандар баяу жұмыс істейді. Кейде бағдарламасы істемей қалады. Бейтарап аумақта да жүк көліктері көп. Ресей шекарасында да жүк көліктері 25 шақырымдай кезекте тұр. Кейбір жүргізушілер электронды кезегінде белгіленген уақытына үлгере алмай қалып жатыр. Менің алдымда төрт жүк көлігін тексеруде. Бүгін шекарадан өтіп үлгермесем, қайтадан электронды кезекті сатып алуым керек. Электронды кезектің құны төрт мың теңгені құрайды, –деп хабарлады жүк көлігінің жүргізушісі.
Жүк көлігін тізгіндеген жүргізушілердің базынасын Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаментінен сұрап білдік. Сала мамандары «Электронды кезек штаттық режимде жұмыс істеп тұр»,- деп мәлімдеді.
Қазіргі таңда шығысқа 200 автокөлік кезекте тұр. Электронды кезек бойынша біздің мамандар штаттық режимде жұмыс істеуде. Шығыс бағытында 2-3 маман жасап жатыр. Өткізу пунктіне қоңырау шалып, білген болатынмын. Барлығы штаттық режимде. Қазіргі таңда шығыс бағытында екі терезе жұмыс істеп тұр. Кіріс бағытында екі терезе жұмыс істейді,-деді Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік кірістер департаментінің экспорттық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Чуреев.
Жүргізушілердің электронды кезегін де сұрап білдік. Бұл кезек бір күнге беріліп, келесі күннің таңғы сағат алтыға дейін жарамды болады екен.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарынан кезек неден болады деп сұрадық. Мамандар бүй дейді:
—Ресей Федерациясының шекара қызметкерлерінің жай жұмыс жасауынан болуы мүмкін. Себебі бізде нейтральный зона (бейтарап аймақ-ред.автор) автокөліктермен толып қалса, шығыс бағытындағы автокөліктер тұрып қалады. Қазіргі таңда ондай жағдайлар жиі болып тұрады,–деп хабарлады Дамир Чуреев.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің таратқан ақпаратына сүйенсек, бірінші желтоқсанда «Сырым» өткізу пунктінен 700 автокөлік кезек алыпты. Қазіргі таңда 197 жүк көлігі шекарадан өтсе, әлі 250 автокөлік шекарада кезек тұр.