5 часов назад

Ақтауда 196 келі марихуана тәркіленді

Полиция қызметкерлері есірткіні сақтап, оны таратумен айналысқан үш күдіктіні ұстады.

Фото: Polisia.kz

Ақтауда ірі көлемде есірткіні сақтап, оны таратумен айналысқан үш адам қолға түсті. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлайды. Тәртіп сақшылары арнайы операция жүргізіп, облыс орталығында орналасқан үйлердің бірінің жертөлесінде 100 келі марихуана жасырылған қойманы тапты.

— Маңғыстау облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен, ЖҚАЖ және қызметтік ит Кираның қатысуымен есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар тұлғаларды анықтау және ұстау бойынша ауқымды операция жүргізді,— деп хабарлады Polisia.kz сайты.

Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 196 килограммды құрапты. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысы бойынша тәркіленген заттардың марихуанна екені анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Сот шешімімен қолға түскендер екі айға тергеу изоляторына қамалған.