Банк картасын бөгде адамдарға бергендерге қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Полиция қызметкерлері банк картасын үшінші тұлғаға бергендер жауапкершілікке тартылады деп ескертеді.
Ішкі істе министрлігі банк картасын баз біреулерге берген тұлғалар жауапкершілікке тартылады деп хабарлайды. Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабына өзгерістер енгізілді.
Енді өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
— Алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді, — дейді тәртіп сақшылары.
Ішкі істер министрлігі ешқашан банктік деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз, картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы «оңай ақша табуға» келіспеңіз және күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз деп ескертеді.