Жайық-Шалқар каналын аяқтау үшін 4 млрд теңгеден астам қаржы керек
2024 жылы Жайық-Шалқар каналын реконструкциясына жергілікті бюджет есебінен 476,194 млн теңге қаражат бөлініпті. Алайда жобаны аяқтау үшін 4285,7 млн теңге қажет.

Жаз болса жағалау жағалап, суға түсу үшін демалыс орындарын іздейтіндер көп. Бірі — шетел асса, енді бірі — ел ішін аралауға асығады. Алайда қалтасында көп ділдәсі жоқтар қала мен облыстағы көл мен өзен жағалауын місе тұтады.
Батыс Қазақстан облысында бұқаралық демалыс, туризм және спорт үшін 31 орын белгіленіпті. Оның оны коммуналды жағалау болса, қалғаны жекеге тиесілі.
Батысқазақстандықтардың жаз маусымында суға түсіп, шомылатын орынның бірі - Шалқар көлі. Шалқарды Ақжайықтың інжу-маржаны деп те атайды. Теректі ауданы әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, өткен жылы он мың адам көлдің жағасында тыныққан. Бүгінгі таңда жағалауда демалушыларға жалға беретін 120 киіз үй тігіліп, 60 ашық демалыс орны жасақталыпты.
Бұған қоса, «Шалқар» демалыс базасында он үй қызмет көрсетеді. Шалқар жағасында 40-қа жуық адам киіз мен ашық демалыс алаңдарын жалға беру мен атпен қыдыру сынды туристерге қызмет ұсынады.
Биыл да суға шомылып, демалу үшін арнайы барған жандардың қарасы қалың. Солардың бірі — Орал қаласының тұрғыны Нұргүл.
— Қызымды тұзды суға түсіру үшін арнайы Шалқарға бардық. Шілде айында барғанымызға қарамастан, ауа райы қоңыр салқын болды. Біз келгенде судың түсі бірде көгілдір, бірде жасыл түске боялды. Судың көбігі көп болды. Жағасы лайланып кетіпті. Бұрынғыға қарағанда едәуір тартылыпты. Әжетханалар алыста қалған. Шалқарға суға түсуге баратын жандар көп. Сол себепті жағалауда азаматтарға арналған қоғамдық тамақтану орындары көптеп ашылса жақсы болар еді. Бұл бәріне де ыңғайлы болатын еді, — дейді Орал қаласының тұрғыны Нұргүл.
Нұргүл секілді Шалқарға демалуға барған жандар әлеуметтік желілерге судың жасыл түске боялғанын айтып, дабыл қағуда. Көлдің жағдайын жауапты мамандардан білмек үшін, ресми хат жаздық. Облыстық экология департаменті биыл Шалқардың экологиялық талаптарын сақталуына қатысты тексеріс жүргізілмегенін хабарлады.
— Департаментпен жер үсті сулары сынамаларының мониторинг жүргізу кестесіне сәйкес су сынамаларын жылына екі рет алып отырады. Ағымдағы жылдың шілде айындағы соңғы зерттеу нәтижесінде алынған су сынамаларының қорытындысы бойынша хлоридтер мен құрғақ қалдықтар көрсеткіштері шекті рұқсат етілген деңгейден асқаны анықталды. Бұл көрсеткіштеркөлдің тұзды табиғи сипатымен де байланысты екенін ескерген жөн. Шалқар көлі — тұзды табиғи су қоймасы, оның құрамында тұз, минералдар мен биогендік заттардың жоғары болуы – оның экологиялық ерекшелігі болып табылады. Жаз мезгілінде температураның көтерілуі, балдырлардың көбеюі және су алмасу деңгейінің төмендеуі су түсінің өзгеруіне себеп болуы мүмкін. Дегенмен, антропогендік факторлардың әсерін жоққа шығаруға болмайды, — делінген Батыс Қазақстан облысы экология департаментінің ресми жауабында.
Шалқардың суына қатысты да біраз сын айтылады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары биыл көл суын санитариялық-химиялық, микробиологиялық, вирусологиялық және паразитологиялық көрсеткіштерге сынама алыпты. Зерттеу нәтижесінде сынамалардан сәйкессіздік анықталмапты.
Шалқар суының тартылуы көпті алаңдатып отыр. Соның кесірінен өсімдіктер мен балық азайып жатыр. Кезінде ақсақалдар Шалқар балықтың Отаны дегенді жиі айтатын еді. 2018 жылға дейін балық кәсіптік мақсатта ауланып, жергілікті базарларда саудаланып келді. Судың тартылуынан шортанның табиғи мекендейтін жерлері жоғалды.
— 2019-2022 жылдары балық аулаудың кәсіптік игерудің жүктемесіне қарамастан, балық санының қалпына келуі болған жоқ, бұл жанама түрде балық санының азаюы балық аулауға қарағанда басқа факторлардың әсерінен болғанын анықтады. Соңғы уақыттары пайда болған таяздық тенденциясы су айдынының биологиялық ресурстарына теріс әсер етті. Балықтардың табиғи уылдырық шашатын жерлері (Есен-Аңқаты және Шолақ-Аңқаты өзендері) кейде көл акваториясынан толығымен бөлініп қалуда, ал су айдынының өзінде уылдырық шашу уылдырықтың ұрықтануына теріс әсер ететін жоғары минералдануына байланысты тиімсіз. 2024 жылы ғылыми-зерттеу үшін балық аулау нәтижесінде бозша мөңке (карась серебряный), қаракөз (вобла) және алабұға ауланды, — делінген Батыс Қазақстан облысы балық инспекциясының ресми жауабында.
Бірнеше жыл бұрын Шалқар суын молайту үшін Жайықтан канал тарту ісі айтылды. Облыстық әкімдік 2021 жылы Жайық өзенінің сол жағалауын суландыру үшін үш каналды Жайық-Шалқар, Ащы-Азнабай-Тайпақ және Азнабай-Тайпақ қалпына келтіруді жұмыстары басталды. Каналдардың жалпы ұзындығы 205 шақырымды құрайды. Магистралды каналдың су көзі — Жайықтан қалқымалы насостық станция арқылы секундына сегіз метр шығынмен тіршілік нәрін жіберу көзделген. 2022 жылы Ащы-Азнабай-Тайпақ каналын пайдалануға берді. Ал өткен жылы Азнабай-Тайпақ каналы да жөнделді.
— Жайық-Шалқар каналының реконструкциясына (жоба құны 4761,945 миллион теңге) жергілікті бюджет есебінен 476,194 миллион теңге бөлінді. Жоба бойынша Шалқар көліне 3м3/с су жіберу үшін гидротехникалық құрылыс салынатын болады. Бүгінгі күнге дейін республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жоқ (министрілікке 2025 жылдың ақпан айында жолданды). 2025 жылы жобаны аяқтауға 4285,7 миллион теңге қажет, — делінген Батыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ресми жауабында.
Жайық-Шалқар каналын аяқталу үшін қыруар қаржы керек. Десек те, су жыл сайын тартылып, таязданған көлге барып, демалушылардың қатары азаймақ емес. Теректі ауданының әкімдігі өткен жылы Шалқар жағасында коммуналды жағалау үшін 6,5 гектар жер телімі берілгенін хабарлады. Теректі әкімдігі жағалаудың инфрақұрылымын жақсартсақ, ақша құйып, жұмыс істейтін инвестор табылар деп үміттенеді.
— Биыл аталған жер теліміне электр желілерін тарту жұмыстарын жүргізу үшін құны 300 мың теңге болатын жобалау сметалық құжаттама жасақталды. Жағажай әлеуетін өз қаражатына жасақтауға ниетті инвестор іздестірілуде. Шалқар көлі жағасында туризмді дамыту үшін 2024-2025 жылдарға арнайы жол картасы бекітілді. Жол картасындағы жер телімін жағажай ретінде рәсімдеу, жедел әрекет ету қызметтерінің кезекшілігі ұйымдастыру, санитарлық тазалықты сақтау орындалды, — делінген Теректі ауданы әкімдігінің ресми жауабында.
Шалқарға барып, шомылғысы келетін бірақ қатынайтын көлігі жоқтар үшін облыс орталығынан «Сарыөмір-Орал-Сарыөмір» бағытында №247 автобус қатынайды. Қоғамдық көлік Оралдан түскі екіде қозғалады. Сондай-ақ аудан әкімдігі «Шалқар» такси қызметіне жүгінуге болатынын хабарлады. Мұнда алты көлік жолаушы тасымалымен айналысады екен.