Батысқазақстандық ғалымдар бал арасы шаруашылығын зерттеу үшін 120 млн теңге грант ұтқан
Ғалымдар зерттеу жұмыстарына 5 жыл бұрын кіріскен.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агра-техникалық университетінің ғалымдары осыдан бес бұрын бал арасы шаруашылығын зерттеуге кірісті. 2020 жылы басталған жоба бүгінге өз нәтижесін беруде.
Университеттің докторант, магистранттар мен студенттері араларды түрлі өсімдік өскен өңірлерге тиеп, олардың бал жинауы үшін бар жағдайды жасап жатыр.
2020 жылы «Батыс Қазақстанда ара шаруашылығын дамыту жобасы» бойынша жеке қаражатқа бал арасының он ұясы сатып алынған. Осы жобаға жетекші ретінде «Ветеринария және агротехнология» институтының аға оқытушылары Гүлдана Идрисова мен Берік Сатыбаев бекітіліпті.
Университеттің жас ғалымдары 2024-2026 жылдарға арналған жоғары білім және ғылым министрлігінің гранттық қолдауға ие болды. Мұның барлығы араларды жан-жақты зерттеп, ауырып қалғанда емдейтін арнайы препаратты жасақтауға мүмкіндік беріп отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ғалымдар арнайы араны емдейтін «Фито» дәріні ойлап тапқан. Онымен ауырған жәндіктерді емдеп, сынақтан өткізіп, патент алу бойынша жұмыстануда.
— 2020 жылы ара шаруашылығын бастаған едік. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры Асқар Мырзаахметұлының бастауымен, қолдауымен. Батыс Қазақстан облысының омарташыларының басшысы әрі СПК-ның төрағасы Сергей Кребобокпен үш жылға келісімшартқа отырып, осы омарталарды ашқан едік. Мұнда Университет омартасында «Экология», «Ветеринарлық медицина» және «Ветеринарлық санитария», «Мал шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алатын студенттер тәжірибелік машықтан өтеді. 2020 жылдан бері түрлі жобаларға қатысып келеміз. Әкімдіктен бес миллионға қайтарымсыз грант ұттық. 2024-2026 жылдарға арналған министрліктің грантын ұтып алдық. Грант құны 120 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда аралардың аурулары, таза бал алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың «Ветеринария және агротехнология» институтының аға оқытушысы, ғылыми қызметкер, постдокторанты Берік Сатыбаев.
Араларды баптап күту қиын. Кейде омарташылардың еңбегі бағаланбай жатады. Түрлі зиянкестерден зардап шегетін аралар адам секілді ауырып қалады екен. Әсіресе, кенеден келетін қауіп көп.
— Қазіргі таңда ара шаруашылығына көп көңіл бөлініп жатыр. Біз арадан балдан басқа да керемет өнім аламыз. Ара шаруашылығында ара өнімдерін апитерапия деп айтамыз. Ол медицина мен ветеринарияда кеңінен қолданылады. Араны осы қалпында сақталып қалу өте маңызды! Аралар да адам баласы, жануарлар сияқты түрлі дертке шалдығады. Неше түрлі аурулар кездеседі. Вирустық, бактериялдық және инбазиялық сырқат бар. Соның ішінде- Varroa кене бар. Ол ара шаруашылығы өте үлкен зиян келтіреді. Уақытылы қаралмаса, уақытылы емдік, алдын алу шараларын қолданбаса, араны ұясымен, жанұясымен жоғалтып алуға болады. Varroa деген кене тек үлкен араларда ғана емес, балапандарында болып, олардың өсуіне кедергі келтіреді. Аралар қыста тұрмастан бұрын, оларды қарап, зерттеп, түрлі дәрілік заттар қолданамыз, — дейді Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғылыми қызметкері Фарида Нұржанова.
Бүгінгі таңда ара ұяларының саны жиырма беске жетіпті. Бір ұяда 25-30 мың ара өмір сүреді. Араның ұясын құдды бір мемлекет дерсіз. Онда аналық, аталық және жұмысшы аналар болады. Аналық ұрық тастаса, жұмысшылар бал жинаумен айналысады. Жас ғалымдар араның ұясы тап-таза болатынын айтады. Олар гигиенаға, ұядағы ауа температурасымен, өзге аралардан жақсы қорғайды. Ұяның кіреберісін күзетші аралар қорғайды-екен. Іші салқын болса, 10-20 шақты ара ауа температурасын реттейді. Ара небары 40-45 күндей өмір сүреді. Ол бір шай қасықтай бал береді.
Қазіргі таңда универсиеттің ғалымдары араларды қысқа дайындауда. Олар ала жаздай өңірдің түрлі өлкесіне барып, араларды жайып, құнарлы бал алу үшін жұмыстанды. Ғалымдар табиғи балдың денсаулыққа пайдасы зор екенін айтады. Араларды құнарлы жерге апарып, бар жағдайын жасаса, омарташылар бір ұядан кемі 20-30 келідей бал жинай алады.
Ғалымдар табиғи балдың дүкен сөресінде саудаланып жатқан балдан айырмашылығы барын айтады. Егер жақында жиналған табиғи өнім бөлме температурасында тұрса, сұйық болады. Ал, қысқа қарай бал кристалға айналады. Қыста дүкен сөресінен сұйық бал дегенді көрсеңіз, оның құрамында түрлі қоспа болуы мүмкін екенін есте сақтаған абзал.
Жәңгір хан ғалымдары бал шаруашылығын жолға қойып, араларды емдейтін дәрі-дәрмекті жасақтауды жолға қойылып, оның пайдасын омарташылар көріп, әрбір батысқазақстандықтың дастарханынан Отандық һәм жергілікті өнім табылады деп сенейік!
Медет Медресовтың фотосы