БҚО әкімі жұмыс сапарымен Бәйтерек ауданына барды
Аймақ басшысы Бәйтерек ауданына жұмыс сапарымен барды. Ол шаруалармен жүздесіп, Махамбет ауылында тұрғындармен кездесті.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Бәйтерек ауданына барып, шағын және жеке кәсіпкерліктің жұмысымен танысты. Өңір басшысы алдымен Бәйтерек ауданына жасаған сапарын «Everest Trade Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асфальт-бетон зауытының жұмысымен танысты. Бетон және темірбетон бұйымдарын шығарып, асфальт өндіретін бұл кәсіпорында бүгінде 50 жуық адам жұмыспен қамтылған. Өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда зауыттың үлесі зор екендігі атап өтті.
Нариман Төреғалиев «ЖИДЕНКО М.А.» жеке кәсіпкерінің «SCANIA CENTER» сервистік орталығының жұмысымен танысты. Бұл-нысан Самара–Шымкент халықаралық тас жолының бойында орналасқан. Ол жүк көліктеріне қосалқы бөлшектер сатып, сервистік қызмет көрсетеді. Аталған орталықтың ашылуы жүк тасымалы саласында қызмет сапасын арттырып, кәсіпкерлерді қолдауда.
Облыс әкімі Бәйтерек ауданына сапары барысында «Жаңа Әлем» шаруа қожалығына табан тіреді. Қожалық бүгінде көкөніс өнімдерін жинап жатыр. 2025 жылы шаруа 69 гектар жерге бау-бақша өнімдерін еккен. Оның ішінде: 48 гектарға пияз, 11 гектарға сәбіз, бес гектар қызылша, бес гектар жерге қырыққабат еккен. Көкөніс өнімдері аудан тұрғындарын ғана емес, облыс нарығын да қамтамасыз етуге бағытталған. Аймақ басшысы шаруашылықтың еңбегін жоғары бағалап, агробизнес саласын әртараптандырудың және ауыл еңбеккерлеріне қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы Махамбет ауылының тұрғындарымен кездесті. Есептік кездесуде Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады.
Өз сөзінде Нариман Төреғалиев облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан негізгі әлеуметтік-экономикалық жобаларға тоқталып, мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өңір инфрақұрылымын жаңғырту, жолдарды жөндеу, ауыз су және газбен қамту, денсаулық сақтау мен білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын тілге тиек етті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары да сөз алып, өздерін толғандырған мәселелерін көтерді. Бұқара ауылішілік жолдарды жөндеу, жұмыспен қамтамасыз ету, ағын суды тоқтатуға шлюз салу жөнінде ұсынысын айтты.
Өңір басшысы тұрғындардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді.
Жиында облыс әкімі тиісті басқармалар мен аудан әкімдігіне тұрғындар көтерген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін нақты тапсырмалар берді.