БҚО-да 7,7 шақырым жылу желісі жөнделуде
«Биыл 9,4 шақырым жылу желілері мен негізгі жабдықтарды жөндеу жұмыстары жоспарланды»,- деп облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бейімбет Мусин мәлімдеді.

Облыстық әкімдікте өткен жиында энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы өткен жылу маусымын түйіндеп, 2025-2026 жылға арналған жоспарын жіпке тізді.
Өңірдің бас энергетигі Бейімбет Мусин жылыту маусымына арналған дайындықтың жай-жапсарын Қазақстан Республикасының премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановқа баяндады. Мусин мырзаның келтірген мәліметіне сүйенсек, 2025-2026 жылына арналған жылыту маусымына жылумен жабдықтау жүйелерін дайындауға 9,4 шақырым жылу желісі мен негізгі жабдықтарды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда, 7,7 километр жылу желісі жөндеу көрген.
— Бюджет қаражаты есебінен ұзындығы 7,8 шақырымды екі жолақты 3,9 километр құрайтын №2 жылу магистралін жаңғырту жұмыстары аяқталуда. Бүгінгі күні 2,5 шақырым, яғни орындалуы 65%, — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бейімбет Мусин.
Бұдан бөлек, 5,5 шақырым жылу желісінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгінге дейін жұмыстың 95 пайызы орындалыпты. Оралдан өзге, Ақсай қаласының №23 үйдің қазандығын да күрделі жөндеу көрген.
— Ұлттық жоба аясында жалпы сомасы 301 миллион теңгені құрайтын Круглоозерное және Зашаған кентіндегі жаңа блокті модульдік қазандықтарды салу жұмыстары 30% аяқталды, — дейді Бейімбет Мусин.
Жылу желілерінен бөлек облыстың бас энергетигі жарықтың жайын қозғады. Облыста электр энергиясының тозуы 78 пайызды құрайды. Бұрындары бұл көрсеткіш 82% құрап еді. Тозығы жеткен электр желісін бес пайызға төмендету үшін бес жылдай уақыт пен қыруар қаржы жұмсалды. Тозығы жеткен желінің кесірінен шалғайдағы ағайын жаңбыр мен боранда жарықсыз отырады. Ауыл тұрғындарынан бөлек, оралдықтар да найғазай ойнап, қатты жел болса, телефонын қуаттап әлек. Табиғаттың тосын мінезіне тозығы жеткен электр энергиясы шыдас бермей, сөніп қалады.
— 2025 – 2026 жылдардың жылыту маусымына электрмен жабдықтау жүйелерін дайындауға 998 шақырым электр желілерін, 22 бірлік қосалқы станция және 164 бірлік кешенді трансформаторлық қосалқы станцияларын жөндеу және салу жұмыстары жоспарланды. Қазіргі таңда, бюджет қаражаты бойынша 3,1 миллиард теңгеге электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, орындалуы 65% құрайды. Бюджет қаражаты есебінен 146 шақырымды құрайтын Ақжайық шағынауданында тарату электр желілерін салу, Шыңғырлау, Хан Ордасы және Приурал ауылдарында электр желілерін қайта құру жобалары аяқталуда, — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басқармасының басшысы.
Аймақта инвестициялық бағдарлама арқылы 1,5 миллиард теңгеге сомасында әр-түрлі кернеу класындағы 709 шақырым электр желілері, 22 ҚС және 164 кешенді трансформаторлық қосалқы станцияларын жөндеу жұмыстары орындалыпты.
— Ұлттық жоба аясында жалпы сомасы 595 миллион теңгені құрайтын Жанама, Покатиловка ауылдарында 35/10 кВ қосалқы станцияларын және Орал қаласында кабельдік желілерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы табиғи монополиялар субъектілері бойынша жұмыстар 72% орындалған, — деп баяндады Бейімбет Мусин.
Биыл Батыс Қазақстан облысында газ желілерін жөндеу үшін қазынадан 36,2 миллиард теңге бағытталған. Облысымызда бес ауданды қамтитын «Ростоши-Тайпақ» газ құбырында жыл сайынғы орын алатын апаттық жағдайын жою мақсатында «Ростоши-Тайпақ газ құбырын қайта құру» жобасы жасақталды. Осы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қаралуда.
— «QAZAQGAZ AIMAQ» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан өндірістік филиалының инвестициялық бағдарламасы арқылы жыл сайынғы жүргізілетін жөндеу жұмыстарының ағымдағы жылғы кезегінде 649 миллион теңгеге 4,8 шақырым «Ростоши-Тайпақ» газ құбыры 100% жөнделді.Ал, Интергаз Орталық Азия АҚ-ның күрделі жөндеу жоспарына сәйкес 32,1 миллиард теңгеге жоғары қысымды 17,3 шақырым газ құбырларын жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда, — дейді Батыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы.
Батыс Қазақстан облысында 2025 – 2026 жылы жылыту маусымына жалпы 1410 әлеуметтік нысан мен 2041 көпқабатты тұрғын үйге дайындық жұмысы аяқталды.