Елімізде 14 наурызда Қазтест сынағы өтеді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі хабарлады. Тест тапсыру үшін талапкерлер 8-12 наурыз аралығында өтініш беруі керек. Сынақ тапсыру үшін 7121 теңгені төлеу қажет. Сынақты Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Өскемен, Орал, Петропавл, Павлодар, Семей, Тараз, Талдықорған, Түркістан қаласында тапсыруға болады.

– ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу төрт блоктан тұрады. Тыңдалым – 20 тест тапсырмасы (20 минут), оқылым – 40 тест тапсырмасы (50 минут), жазылым – 2 тапсырма (50 минут), айтылымда екі тапсырманы жеті минуттың ішінде орындау керек. Сертификат алу үшін тестіленуші әрбір блок бойынша қажетті шекті балды жинауы тиіс. Жазылым және Айтылым блоктары бойынша тестілеудің нәтижелері тестілеу аяқталған күннен кейін 15 жұмыс күні ішінде app.testcenter.kz сайтындағы тестіленушінің жеке кабинетінде жарияланады, – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.