БҚО-да дроппер қызметін ұйымдастырғандар ұсталды
Дропперлердің шоты арқылы интернет алаяқтарына алданып қалған жандардың 17 млн теңгесін аударған.
Батыс Қазақстан облысында дроппер қызметін ұйымдастырғандар ұсталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Қылмыс жасағандар жастарға оңай жолмен табыс табуды ұсыныпты. Оңай олжа тапқысы келген жандар екінші деңгейлі банктерден өздерінің атына шот ашқан. Бұл қызметі үшін дропперлер 200-350 доллар көлемінде ақы алған. Жаңадан ашылған шот арқылы интернет алаяқтарына алданып қалған, тұрғындардың ақшасы аударыпты. Қаражаттың жалпы көлемі 17 миллион теңгені құрайды.
— Эпизодтардың бірінде банктік картасы бұғатталғаннан кейін бір дроппер заңсыз әрекеттерге қатысудан бас тартқан. Қылмыстық топтың қатысушылары оны күштеп ұстап, қорқытып, шотқа қайта кіруді қалпына келтіруді талап еткен,— дейді қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Қазіргі таңда ұйымдастырушы күдікті ретінде танылып, соттың санкциясымен қамауға алынған.
Биыл Қазақстанда дропперлер арналған жаза күшейді. Енді өзінің есепшотын бөгде жандарға берген жандар қылмыстық жауапкершілік арқалайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес дропперлердің бар мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.