БҚО-да мұғалімдер флюрографиядан өту үшін таңғы сағат 7-ден кезекте тұрған
Теректі ауданында барлық дерлік білім беру мекемелерінің қызметкерлері медициналық тексерістен өту үшін ала таңнан кезекте тұр.
«Мой город» порталының редакциясына Теректі ауданында білім беру саласында жұмыс істейтін қызметкерлер хабарласты. Олар таңғы жетіден бастап флюрографиядан өту үшін кезекте мыңдаған адамның тұрғанын мәлімдеді. Мұғалімдер Подстепное ауылына өкпесін тексеру үшін Теректі ауданына қарасты барлық дерлік ауылынан келген.
— Отдел образования қараңдар. Қандай беспредел?! Таңғы жетіден флюра өтуге кезекте тұрмыз. Бір-бір мектепті шақырудың орнына барлық Теректі жүр осында, — деп Теректі ауданының тұрғыны шағымданды.
Мәселенің мән-жайын білмек мақсатта білім басқармасы басшының орынбасары Ақжарқын Темірхановаға хабарластық. Ол мән-жайды біліп отыр. Мұғалімдердің ала таңнан кезекте тұрғанына қатысты комментарий сұрадық.
— Біздер тендерға жалпы флюрографиядан өтуге деп конкурс өткіземіз. Он бір күнде, сағат бірде демейміз. Бізге бәрібір. Бір жұмада бір уақытта неше адам деп жазып қойса, сонша барады. Договорға отырғаннан кейін, адам санын жазады, содан кейін тіркеу керек, мүмкіншіліктерін біліп. Бізде бір құрылғы он адам таңертең келіңіз, он адам түсқайта келіңіз деген сияқты бес-алты күнге созу керек ғой. Бізге барлығын істегеннен кейін тек жұмыс істеген туралы акт алып келеді. Сол себепті комментарийді облыстық денсаулық сақтау басқармасы берсін, — деді облыстық білім басқармасы басшысыны орынбасары Ақжарқын Темірханова.
Педагогтарды толғандырған мәселені денсаулық сақтау басқармасынан сұрап білдік. Басқарма жеке медициналық мекемеге ескерту жасағанын хабарлады.
— Денсаулық сақтау басқармасы медициналық орталыққа сіздің редакцияңызға түскен арызға сәйкес ақпараттандырды. Өз кезегінде аталған орталық тарапынан берілген жауапқа сәйкес, медициналық қызметтерді жоспарға сай белгіленген уақытта өтпегендіктен, бір күнде келушілер саны көбейіп, келеңсіз жағдайлар туындағаны хабарланды, — делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми хабарламасында.
Ескерту мен хабарламадан соң, теректілік ұстаздардың флюрографиядан өтуінде ұзын-сонар кезек болмайды деп сенеміз.