БҚО-да ауыл тұрғындары жиі сынатын автобусқа көңілі толмайды

Сырым ауданына қарасты Алғабас пен Қарағанды ауылында тасымалдайтын мектеп автобус жиі сынып, оқушыларды тасымалдау ісі қиынға соғуда.

«Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз»: аулдың автобус мәселесі
Оқырмандар видеосынан стоп-кадр

Сырым ауданына қарасты Алғабас ауылының тұрғындары мектеп автобусының тозығы жетіп, жиі бұзылып қалатынын сынға алып, «Мой город» порталының редакциясына хат жазды. 

Өзін М. Қаналиев атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің тәлімгер — ұйымдастырушы болып жұмыс істеймін деп таныстырған Нұрболат Жұмағазиев мәселенің жай-жапсарын айтып берді. 

Қарағанды ауылынан Алғабасқа оқушыларды тасымалдайтын мектеп автобусы жиі сынады. Қос ауылдың арасы шамамен бес шақырымды құрайды екен. Елді мекендерді жалғайтын жібі түзу жол жоқ. Автобус көктем мен күзде балшыққа батып, далалық жолмен балаларды тасымалдайды, дейді ауыл тұрғыны. Қыста да автобус жиі істен шығып, боранды күні «УАЗ»-ды жолға тастап, ата-аналар балаларын жаяулап алып кеткен күндерде болыпты.  

— «УАЗ» автокөлігі он жыл бұрын берілді. Оған дейін де оқушыларды тасымалдаған автобус жиі сынып қалатын. Жаңа көлік берді деп қуанған едік. Алайда, ол бракпен келді. Шопырдың арқасында оқушылар сабақтан қалмайды. Бұрын осы көлікпен Тоғанас пен Ақырапқа балаларды интернаттан тасымалдайтын еді. Қазір Ақырапта оқушы қалмады-ау. «УАЗ» таңертең мен түстен кейін оқитын балаларды тасымалдайды. Көлік жиі сынып қалады. Шопыр темірдің астына жатып, жөндеп шығарады. Тілін біледі. Қазір жүргізуші 62 жаста. Келесі жылы ол зейнетке шығады. Кейін келгендер техниканың тілін білмей, оқушылар тасымалсыз қалады деп алаңдаймыз, — дейді Алғабас ауылы мектебінің тәлімгері Нұрболат Жұмағазиев.

Жиі сынатын мектеп автобусына қажетті темір-терсектердің барлығы мемлекеттік сатып алу арқылы сатып алатынады. Бұл техниканың жедел жөнделуіне кедергі келтіреді екен. Өткен жылы «УАЗ» көлігінің моторы істен шығуына байланысты оқушылар тасымалдау үшін «Шевролет Нива» маркілі көлігін ауданның білім беру бөлімі беріпті. Нивада жиі сынып, оқушыларды тасымалдауға жарамапты.

— Оқушыларға обал. Балалар — біздің болашағымыз! Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы басталады. Оқушыларды тасымалдайтын көлік дайын емес. Біздер мәселені әкімдер мен депутаттарға айттық. Олар салқын машинамен жүреді. Оқушыларды тозған «УАЗ»-бен тасымалдайды. Оларды жарысқа сол темір тұлпармен апарады. Көліктің есігі тозған. Жүріп келе жатып, есігі ашылып кете береді. Жолдың бойында қалып қояды. Бұл оқушылар үшін қауіпті, — деп дабыл қағады Нұрболат Серікұлы.  

Сырым ауданына қарасты Алғабас пен Қарағанды ауылынан оқушыларды тасымалдайтын автобус мәселесін облыстық білім басқармасына ресми хат жолдадық. Сала мамандары Алғабас мектебіне 2014 жылы «УАЗ -220695-440» автокөлігі берілгенін хабарлады. Өткен оқу жылында мектеп автобусы бес оқушыны тасымалдапты.  

— «УАЗ» автокөлігіне 2023-2024 оқу жылында – 559407,5 теңге көлемінде қаржы бөлініп, құралдар алынды: аккумулятор, дөңгелектер, коробка передач, мост, кардан, майлар. 2024-2025 оқу жылы – 663277,5 теңге қаржыға келесі құралдар алынды: аккумулятор, дөңгелектер, крестовина, ремень, стартер, генератор, майлар, — делінген облыстық білім басқармасының жауабында.

Жауапты басқарма Алғабас пен Қарағанды ауылының оқушыларын тасымалдайтын жаңа темір тұлпар сатып алу үшін 19 миллион 466 мың теңге қаржы керек. Білім басқарамасымен мектеп автобустарын сатып алуға бюджеттік өтінім жасақталуда, мәслихаттың кезекті бюджет нақтылауында қарастырылады, деп хабарлады.

Бюджеттен қаражат бөлінсе ғана, Алғабас пен Қарағанды ауылына оқушыларды тасымалдайтын көліктің мәселесі өз шешімін таппақ. Алайда ақша бөлінбейінше, автобус жүргізушісі жиі істен шығатын автобусын жөндеп әлек болмақ. Тозығы жеткен автобуспен балалар амалдың жоқтығынан қатынап, жолсыздың кесірінен балшыққа батып, шаң жұтып, қыста боранда қалып білім алуға мәжбүр.

Жалпы Батыс Қазақстан облысында өткен оқу жылында бес мыңнан астам оқушы күнделікті тасымалмен қамтылған. Өңірде 38 мектеп автобусына бюджеттік өтінім жасақталып жатыр. Темір тұлпарларды сатып алу үшін 763 миллион 342 мың теңгедей қаражат керек. Білім басқармасы мәслихаттың кезекті бюджет нақтылауына бюджеттік өтінім дайындап жатыр екен.

Соңғы рет білім басқармасы 2023 жылы екі миллиард 692 миллион теңгеге 54 мектеп автобусын сатып алынды. Жауапты басқарма «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы қаржылық лизинг есебінен алыпты.  

Оқырмандар видеосынан стоп-кадр

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp