Қазақстанда құрылысшыларға 705 мың теңге жалақы төлейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қыркүйек айында Enbek.kz электронды еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындары жайлы есеп берді.
2025 жылдың қыркүйек айында Enbek.kz электронды еңбек биржасында 138,2 мың бос жұмыс орны және 130,6 мың түйіндеме жарияланыпты. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Электронды еңбек биржасының мәліметі тамыз айымен салыстырғанда сұраныс 42,4 пайызға қысқарған, ұсыныс та бес пайызға төмендепті.
— Ең белсенді саланың бірі қайтадан білім саласы болып шықты – онда 55 мыңнан астам бос жұмыс орны (40%) тіркелді. Тағы 16,3 мың бос жұмыс орны «басқа қызмет түрлері» (≈12%) бойынша жарияланып, ал он мың бос жұмыс орны денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына (≈7%) тиесілі болды. Жалпы алғанда, сұраныс ұсыныстан 7,6 мыңға асты. Қыркүйекте көбінесе орташа білікті мамандарға (57 мың бос жұмыс орны), одан кейін жоғары білікті мамандарға (49 мың), ең аз – біліктілігі жоқ адамдарға (32,2 мың) қажеттілік байқалды. Ұсыныс жағынан жоғары білікті жұмыс іздеушілердің түйіндемелері басым болды – 55,4 мың, кейінгі орында орташа біліктілер – 47,7 мың және біліктілігі жоқ адамдар – 27,5 мың. Осылайша, қыркүйекте жұмыс берушілер көбіне орташа білікті кадрларды іздесе, жұмыс іздеушілер арасында жоғары білікті мамандар көш бастады, — делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қыркүйекте жарияланған бос жұмыс орындарының әрбір екіншісі жұмысшы мамандықтарға арналғанын хабарлады. Жұмысшы мамандықтар ішінде өндіріс саласындағы жұмысшы мамандарға, көлік және логистика саласы, білім мен тәрбие саласында жұмыс істейтіндерге сұраныс артқан. Көлік тізгіндейтін жүргізушілерге екі мың бос жұмыс орны ұсынылыпты.
— Жас ерекшелігіне келсек, әр екінші түйіндеме 34 жасқа дейінгі үміткерлер тарапынан орналастырылған – 63,8 мың бірлік. Бұл топтың ішінде ең белсенділері – 16-24 жас аралығындағы жастар (28 мың түйіндеме). Әр төртінші түйіндеме орта жастағы (35-44 жас) азаматтарға тиесілі – 33 мың бірлік. Тағы 17% (22,5 мың) – 45-54 жас аралығындағы үміткерлерге, ал зейнеталды жастағылардың үлесі барлық түйіндемелердің 9%-ын (11,3 мың) құрады. Жыныстық құрам бойынша әйелдер белсендірек болды – ЭЕБ-де орналастырылған түйіндемелердің 59% тиесілі. Оның ішінде әр екінші түйіндеме жоғары білікті еңбекке арналған бос жұмыс орындарына бағытталған, — делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Ал, қыркүйекте жоғары еңбекақы құрылысшыларға ұсынған. Оларға 705 мың теңгедей ақы төлеуге дайын екен. Шахта оқпандарын бұрғылау қондырғысының машинисіне 700 мың теңге, өндіруші өнеркәсіптегі учаске бастығының орынбасарына 681 мың теңге жалақы бекітілген.