09 октября в 13:00

Интернет алаяқтары бөрліліктердің 59 млн теңгесін жымқырды

Қазіргі таңда Бөрлі ауданында интернет алаяқтарынан зардап шеккен 25 тұрғын полицияға арыз жазған.

Бөрлі ауданында интернет алаяқтары 59 млн теңге шығын келтірген

Қазіргі таңда интернет арқылы алдап арбайтындар көп. Алаяқтардың құрығына түсіп, тапқан таянған ақшасын санап, жетпегенін несие рәсімдеп, сұратқан ақысын дропперлердің шотына аударғандар да аз емес. Бұл мәселеге президент соңғы жолдауында да тоқталды. Құзырлы органдар барынша күреске екпін салғанымен зардап шеккендер азаймай отыр.

Бөрлі ауданында 2025 жылдың тоғыз айында интернет алаяқтығы бойынша 25 қылмыстық іс тіркелген. Өткен жылдың қыркүйегінде 31 шағым болыпты. Бұл туралы Бөрлі ауданының полиция басқармасы хабарлады.

Биыл алаяқтардың кесірінен аудан тұрғындарына 59 682 000 теңге шығын келтірген. Бұл сома 2024 жылы 155 миллион теңгеден асып жығылған.

Бөрлі ауданында тұрғындардың интернет алаяқтарының құрығына түспес үшін кешенді жоспар жасақталыпты.

—  Бөрлі ауданының полиция бөлімі интернет алаяқтықтың алдын-алу, жолын кесу және ашу мақсатында «ҚР ІІМ-ның киберқылмысқа, оның ішінде телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінде 2025 жылы Бөрлі ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері интернет-алаяқтық қылмысымен күресу, орын алған кемшіліктерді жою және алдын алу мақсатында келесідей жұмыстар атқарылды.   Бөрлі ауданының полиция бөлімі жеке құрамы жергілікті атқару органдарымен бірлесе отыра профилактилық жұмыстар, яғни дүкендерде, сауда үйлерінде, базарларда, және басқа да халық көп шоғырланатын жерлерде ұдайы түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, тұрғындарға арнайы түсіндірме брошуралары таратылды. Аудан әкімшілігі қызметкерлерімен – 1333 тұлғаға, аурухана қызметкерлері – 395 тұлға, ауылдық округтердің әкімдері, ауданның дербес бөлімдердің басшылары, квазимемлекеттік сектор субьектілері және  білім беру қызметкерлері арасында – 3328 тұлғаға профилактикалық шаралар атқарылып, жалпы саны 238 аса жиналыс өткізді,— делінген Бөрлі ауданы әкімдігінің хабарламасында.

Интернетте азаматтардың сеніміне кіріп, оларды қорқытып, психологиялық қысым жасайтын алаяқтармен күрес үшін ауданның полиция бөлімі әлеуметтік желілерде арнайы парақша ашып, профилактикалық жұмыстарға ден қойған.

—  Бөрлі ауданының полиция бөлімінің Instagram әлеуметтік желісінің «police_burlin» парақшасына профилактикалық 191 бейнежазылым және 180 астам сторис жарияланды. Аталған жұмыс әрі қарай жалғасуда. Сонымен қатар, аудандық «Бөрлі жаршысы», «Қарашығанақ» газеттеріне «Алаяқтықтан сақтан!» тақырыбында мақалалар жарияланды-деліген Бөрлі ауданы әкімдігінің хабарламасында.

Тәртіп сақшылары сақтық шараларын қолдануға шақырады. Соның бірі- «EGOV» порталы арқылы  несие алудан ерікті түрде бас тартып, есепшотты бұғаттау. Осы мүмкіндікті биыл 8909 бөрлілік қолданыпты.

—  Бұл бағыттағы жұмыс полиция бөлімінің басшылығының бақылауына алынып, күнделікті тұрақты негізде жүргізілуде. Әрімен қарай, аудан тұрғындарымен, оның ішінде зейнеткерлермен профилактикалық түсіндірме жұмыстары арнайы ресурс орталық қызметкерлерімен бірлесе отыра жұмылдырылды. Аталған жұмыс нәтижесінде бүгінде 3494 зейнеткермен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 1338 өз есепшотына бұғат қойып, 429 адам«Киберпол» инстаграм парақшасына жазылды,—  деп хабарлады Бөрлі ауданының әкімдігі.

Интернет алаяқтарынан сақтанып, қоңырау шалған азаматтарға сеніп қалмас үшін ауданда ескерту тақшайлары орналастылыпты. Олардың дені Ақсай қаласында орналасқан сауда үйлері мен банк ғимаратында орнатылған. Бұдан бөлек, бес билборд Қанай, Бөрлі, Ақсай, Жарсуат, Пугачево ауылында орнатылыпты. Аудан орталығында орналасқан жеті Led-экраннан кибер қылмыс жайлы бейне роликтер көрсетілуде.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp