БҚО-да жаңа индустриялық кезең басталады: 14 инвестициялық ірі жоба қолға алынды
Облыста жоспарланған 14 жобаның бәрін бір консорциум атқарады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездескенде «Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ортақ ірі жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр», деп айтқан болатын.
Осыған орай, мемлекет басшысының тарсырмасына сәйкес, Батыс Қазақстан облысында қытай кәсіпкерлерімен 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру қолға алынды. Көрші елдің инвесторлары энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты бірқатар маңызды салаларға жалпы құны 134 миллиард теңгеден астам қаржы салуға ниетті. Бұл бағытта екі жақты нақты келісім бар. Енді санаулы күндерден кейін екі зауыттың құрылысы басталады. Оған қажетті құрал-жабдық тиелген контейнерлердің алғашқы легі Қытайдың Вэйфан қаласынан елімізге қарай жөнелтілді.
Алдымен индустриалды аймақта қуаты 34 мегаватт болатын газ электр станциясы салынады. Бұл жоба кейінгі өндіріс орындарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар мұнай катализаторларын қайта өңдеу зауытының құрылысы басталады.
Зауытқа қажетті қондырғы Қазақстанға жөнелтілді. Алғашқы жүкті тиеу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация арнайы қатысты.
— Мемлекет басшысы атап өткендей, біз шикізатқа тәуелді болмай, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, өндірісті дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына елеулі серпін береді, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Облыста жоспарланған 14 жобаның бәрін бір консорциум атқарады. Құрамындағы бірнеше компания тек энергетика саласын ғана емес, агротехника, мұнай, құрылыс, денсаулық сақтау салаларын да инвестициялайды. Жұмысшы топ Шандун провинциясындағы кешенді аралап тың технологиямен танысты.
Қытайлық «VEGA Power» компаниясының бас директоры Гэ Цзянь жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, алғашқы кезеңде 30 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынатынын атап өтті. Сонымен қатар, бүгінде алғашқы бес контейнер жөнелтілгенін және жоба толық жүзеге асқанда 10-нан астам өнім түрі шығарылатынын хабарлады.
Облыс әкімі инвесторлармен кездесу барысында нақты талаптарды да атады, олар: компаниялар өңірде тіркеліп, салық түсімі жергілікті бюджетке бағытталуы тиіс; жергілікті кадрлар жұмысқа орналастырылады; болашақ мамандарды оқыту инвесторлардың қаражаты есебінен жүргізілуі тиіс.
Сонымен қатар, өңір Қытаймен медицина саласы бойынша байланысты нығайтады. Осы мақсатта делегация iKang Guobin Checkup Center емханасына барып, Қытайдың денсаулық сақтау жүйесіндегі заманауи әдістермен және медициналық қызмет көрсетудің инновациялық үлгілерімен танысты.
Айта кету керек, биыл алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша республикада 3-орында тұр.
Бұл кездесу Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.