Қазақстанда туберкулезге шалдыққан науқастардың саны 13 пайызға азайған

Биыл балалар арасында туберкулездің кесірінен өлім-жітім фактісі тіркелмепті.

Фото БҚО ДСБ «Облыстық фтизиопульмонология орталығы» сайтынан жүктелді

Қазақстанда туберкулезге шалдыққан науқастардың саны 13,9 пайызға азайды, деп денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды. Жұқпалы сырқаттың таралуы 16 пайызға азайған. Балалар арасында сырқат 6,7 пайызға төмендепті.

Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов ел аумағында туберкулездің таралуы мен оны емдеудің жолын орталық коммуникациялар алаңында айтып берді. Орталық басшының сөзіне сенсек, биылғы жылдың алты айында Қазақстанда 17 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулездің кесірінен өлім-жітім фактісі тіркелмеген.

— Бүгінде елімізде туберкулезге қарсы қызмет жедел диагностика әдістерін белсенді енгізуде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған жаңа туберкулезге қарсы препараттар мен емдеу схемаларын қолдануда. Бұл шаралар елдегі туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты жақсаруына ықпал етеді, - деді Мәлік Әденов.

Сала мамандарының келтірген дерегіне сүйенсек, елімізде соңғы он жылдың ішінде туберкулезбен ауыратын науқастардың көрсеткіші 43 пайызға азайған. Ал сырқаттың таралуы 52 пайызға, балалардың жұқпалы індетпен сырқаттануы 50,3%, аурудың кесірінен өлім көрсеткіші 75,6 пайызға төмендепті.

Егер екі аптадан артық  жөтелсеңіз, артықтап, салмақ тастаңыз, тәбет төмендеп, қызба мен түнде терлесеңіз, кеудеңіз ауырса, бірден дәрігерге қаралған абзал. МӘМС жүйесіне тіркелмеген жандарға облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтарда «Ашық есік» күні ұйымдастырылады. Аталмыш іс-шарада кез-келген азамат тегін фтизиатрдың кеңесін алып, рентген, флюорографиядан өтіп, талдаулар тапсыра алды.