Ақтау мектептерінде сабақ дәстүрлі форматта өтеді
Әлеуметтік желілерде Ақтаудың бірқатар мектебінде террорлық акт жоспарланып жатыр деген ақпарат тарады. Жалған мәлімет көпті алаңдатып, ата-аналар балаларын сабаққа жіберуден үзілді-кесілді бас тартты.
Өткен демалыс күндері әлеуметтік желілерде Ақтау мектептерінде жарылыс болады деген ақпар тарады. Жазбадан соң маңғыстаулық ата-аналар үрейленіп, дүйсенбі күні балаларын мектепке жібермейтінін ашып айтқан-ды. Маңғыстау облысы полиция департаменті хабарламада көрсетілген мектептерді тексеріп, тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
— Тексеру нәтижесінде тізімде көрсетілген білім беру ұйымдарының ғимараттарының толығымен қауіпсіз екендігі расталып, әрқайсысына тиісті актілер берілді. Алдағы уақытта қосымша тексеру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оқиға Маңғыстау облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауында,— деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысының білім басқармасы оныншы қарашада Ақтау қаласында барлық мектепте сабақ дәстүрлі форматта, сабақ кестесіне сай өтетінін хабарлады.
Тәртіп сақшылары сенімді ақпаратқа сенуге шақырады. Фейк таратқан жандар заң алдында жауапкершілікке тартылады.