Қазақстанда емханаға тіркелу науқаны басталды
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек алатын мекемелерге тіркеу науқаны 1 қыркүйектен бастап, 1 қарашаға дейін жалғаспақ.
Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек алатын мекемелерге тіркеу науқаны басталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Науқан бірінші қыркүйектен бастап, бірінші қарашаға дейін жалғасады.
— Тіркеу ережелеріне сәйкес осы кезеңде азаматтар бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде емхананы таңдай алады немесе ауыстыра алады. Осы кезеңде тіркеуге өтініш бергендер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан жағдайда келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жаңа емханада медициналық көмек ала алады, — делінген денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Емханаға кім тіркеле алады?
Қазақстан Республикасының азаматтары, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар , ерікті немесе есептелген медициналық сақтандыру шарты болған кезде ЕАЭО елдерінен (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері тіркеле алады.
Емханаға eGov.kz порталы арқылы тіркелуге болады. Қазіргі таңда қызмет онлайн режимде қолжетімді. Медициналық мекеме өтінішті бір күнде қарайды. Немесе таңдаған емханаға жеке өтініш беру арқылы тіркеле алады. Бұрынғы емханадан шығу автоматты түрде жүзеге асырылады.
Отбасы және бекіту МСАК көрсету отбасылық бақылау қағидаттарына негізделген, сондықтан барлық отбасы мүшелерін бір учаскелік дәрігерге бекіту ұсынылады. Бұл медициналық қолдаудың сапасын арттырады.
Тұрғылықты жері бойынша емхананы таңдауға бола ма?
Қадамдық қолжетімділік шегінде (жаяу 15-20 минут) бекіту ұсынылады. Бұл үйде медициналық көмек көрсету үшін маңызды. Жалпы, тіркеуге өз елді мекенінің шегінде рұқсат етіледі.
Бекітуден бас тарту себептері:
- өтініште дұрыс емес деректер;
- басқа елді мекенде тұру;
- емханада тіркелген пациенттер лимитінің артуы;
- баланы тіркеуге арналған құжаттардың болмауы.
Бір учаскеге бекітілген халық санының нормативтері:
- жалпы практика дәрігері - 1 700 адамға дейін;
- учаскелік терапевт - 2200 ересек адамға дейін;
- учаскелік педиатр - 0-6 жастағы 500 балаға дейін немесе 0-14 жастағы 900 балаға дейін.
Бекіту науқанына қанша емхана қатысады ?
Бекіту науқанына барлығы 694 МСАК нысаны қатысады. Жыл сайын амбулаториялық-емханалық көмек көрсетушілердің саны артып келеді, бұл халыққа қадамдық қолжетімділікте медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Егер сізде әлі де сұрақтар болса сіз өзіңіздің емханаңыздың пациенттерді қолдау қызметіне немесе әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне аласыз: www.msqory.kz ресми сайты, Qoldau 24/7 мобилдік қосымшасы, Telegram-да Saqtandyrybot чат-боты мен бірыңғай байланыс орталығы 1414 арқылы қоңырау шалуға болады.