Оралда хайуанаттар бағы қысқа дайын!
Оралда халық арасында хайуанаттар бағы деп танылған облыстық экологиялық-биологиялық орталық қысқа садақай сай.
Облыс орталығында орналасқан экологиялық-биологиялық орталығы қысқа садақай сай. Қазіргі таңда аң-құстардың жем-шөпі жасақталып, аң мен құстар жылы жерге орналастырылған.Мәселен, жаз айларында далада өмір сүрген макака маймылы, түрлі құстар мен кеміргіштер жылы орынға жайғасыпты.
— Күнделікті орталығымыздың қызметкерлері жануарлардың рационмен тамақтануын қадағалап, тазалығын бақылап отырады. Қазіргі таңда барлық жануарлар жылы жерде тұр. Орталық аумағында қар тазалау, жылыжай желдеткіштерін тексеру, электр мен жылыту жүйелерін жөндеу жұмыстары да аяқталды. Жылыжаймызда да желдеткіштер жұмыс істеп тұр, — деп хабарлады облыстық экологиялық-биологиялық орталығы директорының орынбасары Мирамгүл Саденова.
Орталықтың қызметкерлері мен үйірмеге қатысатын оқушылар ала жаздай көкөніс егіп, қыстың қамына дайындалыпты. Олар күні бүгінге дейін сәбіз, қызылша мен асқабақтың 200 келісін жинапты. Бұдан өзге жануарларға қажетті мемлекеттік сатып алу арқылы 70 орам пішен сатып алынған.
Облыстық экологиялық-биологиялық орталықтың қызметкерлері таратқан ақпаратқа сүйенсек, жануарлардың қысқы рационы жасақталып, қоймада сақтаулы тұр. Бүгінгі таңда қоймада:
- Бидай жармасы (пшеничная сечка) – 1 тонна;
- Күнбағыс дәні (семечки) – 1 тонна;
- Тары (просо) – 1 тонна;
- Бидай мен арпа қоспасы – 2 тонна;
- Тары жармасы (пшено) – 500 килограмм;
- Асқабақ (тыква) – 400 килограмм;
- Сәбіз бен қызылша (морковь, свекла) – 1,5 тонна;
- Пішен (сено) – 70 рулон бар.
Сондай-ақ ай сайын жануарлардың дәруменді азығы ретінде алма мен өзге жеміс түрлері тендер арқылы сатып алынады.
Орталықтың қызметкерлері фаунадан бөлек, флора әлемінде қысқа дайындапты. Суыққа төзімсіз өсімдіктер — халық арасында «герань» деп аталатын қазтамақ және басқа да сәндік гүлдер жылыжайға көшірілген. Тіпті, үйірмеге қатысатын оқушылар мен қызметкерлер келер көктемде мекемеге ерекше рең беріп, көрік сыйлайтын екі қап голландық қызғалдақ пиязшықтары егіпті.
Оралда облыстық экологиялық-биологиялық орталықтың сонау 1958 жылы құрылды. Оралдықтар орталықты хайуанаттар бағы деп біледі. Қазіргі таңда мұнда өсімдіктердің 200 астам өсімдік пен жануардың 90 астам түрі бар.
Экологиялық-биологиялық орталық жанынан ашылған үйірме көп. Қазіргі таңда 359 оқушы үйірмелерге қатысады.