Оралда жол апатынан көлік өртенді
Орал қаласында Жәңгір хан көшесінде көлік апаты болды. Соның кесірінен «Динамо» спорт базасының маңында ұзын-сонар кезек пайда болды.
21 қазан Орал қаласында жол апаты тіркеліп, темір тұлпар өртке оранды. Көлік апаты Жәңгір хан көшесінде «Динамо» аялдамасының тұсында орын алды. Соның кесірінен «Лада Калина» маркілі темір тұлпар қызыл жалынға оранды.
— «Лада Калина» маркалы автокөліктің жүргізушісі Зачаган кенті бағытында қозғалыс барысында рөлге ие бола алмай, қарсы бағытта келе жатқан «Фиат» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Соққы салдарынан «Лада Калина» аударылып кеткен. Кейін автокөлікте өрт шыққан, ол өрт сөндіру қызметі келгенге дейін сөндірілген. Сонымен қатар, құтқарушылар зақымданған көліктен жапа шеккен азаматты шығарып, медициналық қызметкерлерге тапсырған, — деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көлік апатының кесірінен «Лада Калина» тізгіндеген жүргізуші дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізіліпті. Тәртіп сақшылары жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.