1 мамыр — Қазақстанның бірлігі күні. Бұл мейрам қазақстандықтар үшін қастерлі. Елімізде түрлі ұлт пен ұлыс, этнос тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ынтымақ пен бірліктің мерекесі еліміздің Батыс өлкесінде қалай тойланады? Облыс орталықтарында қандай іс-шаралар өтеді? Осы сауалдарға жауап табу үшін аймақтардың әкімдіктеріне сауал салып, әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын біраз ақтардық.
Атырау облысы әкімдігінің таратқан ақпаратқа сүйенсек, өңірде 12 мерекелік іс-шара өтеді. Атыраулықтар Қазақстанның бірлігіне күніне орай квиз, музейлер көрме ұйымдастырып, спорттық шара, челендж, КТА ойындары, азық-түлік өнімдері қойылған жәрмеңке мен «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылмақ. Ең басты мерекелік шара 1 мамырда Атырау қаласының Сұлтан Бейбарыс алаңында өтеді. «Бірлікте гүлденген ұлы дала» тақырыбында мәдени-көпшілік шарасы сағат 11.00-де басталмақ.
Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 1 мамыр мерекесі өңірдің әрбір елдімекенінде кеңінен тойланады деп хабарлады. Мерекелік басты іс-шара 1 мамыр күні «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында «Бірлікте біздің күш» атты мәдени-көпшілік шарасы өтеді. Әнші Қуандық Рахым ақтөбеліктер үшін ән салады. Концерт сағат 11.00-де басталады.
Ақтауда бірінші мамырда екі үлкен мерекелік іс-шара өтпек. Сағат 10.00-де «Қазақстан —бірлік мекені» атты театрландырылған концерт өтеді. Іс-шара 34 шағын ауданында орналасқан Достық үйінде болады. Ал, сағат 19.00-де «Береке басы-бірлік» атты концерт ұйымдастырылмақ. Ол «Амфитеатр» алаңында өтеді.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, аймақта мерекеге орай алты іс-шара өткізу жоспарланыпты. Облыс аумағында конференция, ағаш отырғызу, фестиваль, ауыл шаруашылық өнімдері қойылған жәрмеңке мен «Таза Қазақстан» акциясы сенбіліктер ұйымдастырылмақ. Концертті бірі - 30 сәуірде сағат 16.00-де Достық үйінде «Қазақстан – достық мекені» атауымен өтпек.
Және бірінші мамырда Оралда мейрам мен қалалық мәдениет және демалыс саябағының жазғы маусымы ашылуына байланысты концерт өтеді. Мерекелік концерт сағат 17.00-де басталады.