45 теңгенің қарбызы қайда бар? 110 теңгенің жұмыртқасы ше? Сенбі күні ашылған жәрмеңке жұртшылықты арзан баға, жоғары сапасымен таңғалдырды. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда-саттық шарасы бір ай бұрын ерте басталды.

Көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы түскенін жұрт тағатсыздана күтті. Енді ше? Маусымдағы салқындық пен шілдедегі шіліңгір ыстықтан саяжай мен бау-бақша бітік шықпады. Әрі бар өнім жәй алынды. Мұның әсерінен баға шарықтады. Ал жәрмеңке мұндай келеңсіздікпен күресуге сеп болады.
- Таңмен орталық базарға бардым. Онда кәрістер ертемен келіп, көтерме бағамен сатады. Соның өзінде жақсы қияр – 260, ал ірілері 140 теңгеден. Ал мұнда одан әлдеқайда арзан. 100 теңгеде. Қызанақ та 100 теңгеден. Осында. Ал базарда 120-180 теңгеден. «Юбилейная» базарында қарбыздың келісі – 85 теңге. Ал мында 45 теңге. Жаңа сатып алдым. Орны да қаланың қақ ортасында. Жақын. Ұйымдастырушыларға ризамын, - дейді
қала тұрғыны Марат ТҰРАШЕВ.
Таңғы сағат 9-дан жәрмеңкеде сауда қызды. Жүк көліктерінде бірден шұбатылған кезек пайда болды. Мәселен, «Орал құс фабрикасы» 15 мың дана жұмыртқа әкелген. Оны 2 сағаттың ішінде жұрт талап әкетіпті.
- Жұмыртқа мында арзан екен. 110 теңгеден. Ал дүкендерде, базарда 200 теңге, - дейді
қала тұрғыны Меңсұлу ДӘУЛЕТОВА.
- Жәрмеңке тамаша. Егер де осылай жүйелі болып тұрса, жұмыссыз жүрген адамдар, саудасын істей алмай жүрген адамдар мында келеді де, саудасын жасайды. Сонда үкіметке де «ойбай, жұмыс жоқ, ақша жоқ» деп шағымданбайды. Бағасы да төмен. Ең арзан бағалар. Гүлдерге тыңайтқыш алдым. Орамжапырақтың бір қапшығы 800 теңге. Ол маған қыс бойына жетеді. Рахат! Қызанақ, картоп та арзан, - дейді жәрмеңкеге қатта көңілі толған
қала тұрғыны Жасұлан БАТЫРҒАЛИЕВ.
Тауардың түр-түрі бар. Көкөніс, сүт, шұжық өнімдері, балдың мың сан сұрпы, жергілікті алма да бар. Сауда сөрелері тауар өндірушілерге тегін беріледі. Алыпсатарлар жіберілмейді. Мұндай жәрмеңке шаруа қожалықтарына өте тиімді.
- Көкөністердің дұрыс сақталуы 2-3 күннен артыққа шыдамайды. Жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидекті балғын күйінде тұтыну үшін мұндай жәрмеңкенің пайдасы мол. Тіпті, күнде болғаны жақсы еді. Ол халық үшін де, біз үшін де тиімді. Осыдан 10 жыл бұрын күнде болды. Солай жасау керек, - дейді ұсынысын айтқан
зеленовтық «Болашақ» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрхат ӨТЕШЕВ.
- Менің картобымның құны базардағы бағадан 10 теңгеге арзан. Дарьинскте өсіреміз. Іріктілгені 75 теңге келісі, орташалары 60 теңгеден. Жақсы өтіп жатыр, - бұл «Михаил» шаруа қожалығының жетекшісі Геннадий ЧЕРНЯТИННІҢ пікірі.
Биылғы жылдың алғашқы жәрмеңкесіне Зеленов, Тасқала, Теректі, Ақжайық аудандары және қаланың 42 шаруашылығы өнім әкелген.
- Жәрмеңке жылда күзде болатын еді. Биыл біз жазда, яғни бір ай бұрын бастап кеттік. Жалпы жәрмеңкедегі баға нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан. Кейбір өнімдер 30-40 пайыздай арзан. Мысалы, картоп базарда – 130 теңге болса, мында 90-100 теңгеге алуға боолады. Өтімі де жақсы, - дейді
Орал қаласының әкімі МҰРАТ МҰҚАЕВ.
Қала базарларындағы бағаны тұрақтандыру мақсатымен ұйымдастырылған жәрмеңке қара күзге дейін болады. Ал ауыл шаруалары мұндай шара күнде өткізілсе екен дейді. Өйткені өңірде көкөністің көтерме базары жоқ.
Арман КУРМАНГАЛИЕВ