Ақсайдың әкімі сайланды
Батыс Қазақстан облысында 8 ауылдың әкімі сайланды. Саяси науқан 2 наурызда өтті.

Батыс Қазақстан облысында 2025 жылдың алғашқы саяси додасы 2 наурызда ұйымдастырылды. Ауыл әкімдерінің сайлауы Тасқала, Бәйтерек, Шыңғырлау, Жәнібек, Казталов ауданы мен Бөрлі ауданының орталығы Ақсай және Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентінде өтті. Сайлауға 24 кандидат қатысты.
Сайлау қорытындысы бойынша Ақсай қаласының әкімі болып Арсен Баяндықов қайта сайланды. Ол үшін 1362 тұрғын дауыс беріпті. Саяси додаға үш кандидат қатысты. Сайлауда 2517 ақсайлық дауыс берді.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының таратқан ақпарына сүйенсек, облыс орталығына қарасты Круглоозерный кентінде 2101 сайлаушы дауыс беріпті. Елдімекеннің 4631 тұрғыны дауыс беру құқығына ие. «Бәріне қарсымын» деген бюллетеньнің саны- 33, ал жарамсыз деп танылған бюллетеньдердың саны – 73 құрады.
Сайлау қорытындысы бойынша 83 тұрғын Рақымжан Оразовты қолдады. Дулат Нургалиев круглоозерныйлықтардың 148 дауысына ие болыпты. Саяси додада Аманбай Негметов 1765 дауыспен жеңіске жетті.
Тасқала ауданында екі бірдей ауылдық округтің әкімі сайланды. Мереке мен Мерей ауылының тұрғындары саяси додаға қатысып, дауыс берді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының таратқан ақпарына сүйенсек, Орынбек Насимуллин Мерей ауылының әкімі, Мэлс Нарыков Мереке елдімекенінің әкімі болып сайланды.
Шыңғырлау ауданда Ақшат ауылының тұрғындары әкімдерін сайлады. Елдімекенді алдағы төрт жылда Ерлан Айшуаков басқармақ. Сондай-ақ саяси доданың қорытындысы бойынша Бәйтерек ауданына қарасты, Сұлу көл ауылының әкімі болып Жасулан Койшибаев сайланды. Ал, Казталов ауданының Қайыңды ауылының әкімі Айбол Губашев, Жәнібек ауданына қарасты Тау елдімекенін Нұртілек Мизамбаев басқармақ.