Ақтөбеде имамдарға сертификаттар тапсырылды

Имамдардың біліктілігін арттыруға бағытталған семинар аяқталып, қатысушыларға сертификаттар табысталды. Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе облыстарынан келген имамдар төрт күн бойы құран ережелері, ахида, фикх ілімдері, информатика негіздері пәні бойынша біліктіліктерін жоғарылатқан болатын. Алған білімдерін растайтын құжат ретінде семинар қатысушыларына сертификаттар тапсырылды. Барлығы 48 дін қызметкері қатысқан шара, ұйымдастырушылардың айтуларынша, жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта мұндай оқыту семинарлары еліміздің өзге облыстарында да жалғасын таппақ. Қостанай облысы Амангелді ауданынан келген имам Әбдіхалық МАХМҰТБАЙДЫҢ айтуынша, бұл семинардың мақсаттарының бірі қазіргі таңда жайлап кеткен керітартпа ұйымдардың алдын алу. - Республикалық деңгейдегі ғалымдар, теология мамандары, дін саласында жүрген заңгерлер сабақтарды ауқымды жүргізуге тырысты. Аз уақыттың ішінде көп мағлұмат алып шықтық. Көкірегімізге түйгеніміз көп болды. Енді осы алған ілімімізді арқалап, елімізге жеткен соң, жаңа леппен жұмыс жасасақ деген ойда отырмыз, - дейді ол. Өз кезегінде ҚМДБ уағыз-насихат және Интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат ОҢҒАРОВ ауыл-аймақтардағы имамдар мен орталық аппарат арасында тығыз қарым-қатынас орнатып, байланысты жетілдіру керектігіне назар аударды. - Имамдар өздерін шетте қалғандай сезінбеу керек. Олармен күнделікті тығыз байланыс орнату жағын қарастыру керек. Қазіргідей ақпараттық кеңістік заманында имамдар көп нәрсені білулері тиіс, - дейді Ершат ОҢҒАРОВ. Еркін НҰРЖАН
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp