Ақтөбеде имамдардың білімін жетілдіру семинары басталды

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫНЫҢ бастамасымен еліміздегі діни ахуалды оңалту мақсатында Ақтөбеде республикалық имамдардың білімін жетілдіру семинары басталды. 4 күндік семинардың ашылу салтанатында ҚМДБ уағыз-насихат және Интерпетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат ОҢҒАРОВ игілікті іс-шараның мақсаты мен ерекшеліктерін баяндап берді. - Біз бүгінде ақпараттық технологияның дамыған заманы - ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз. Имам-молдалардың өркениет көшінен қалмай, дамыған дәуір талабына сай қабілет-қарымын арттыруы маңызды. Бұл семинардың ерекшелігі - ақида (сенім), фиқһ (құқық) дәрістерінен бөлек, ғаламтормен жұмыс істеу, уағыз айтудың тәжірибесі, имам әдебі, шешендік өнер және көркем уағыз, қоғамдағы өзекті діни мәселелердің шешімі, ресми іс-қағаздарды жүргізу тәртібі, Ата Заңды білу, т.б. сабақтарды діни басқарманың білікті мамандары мен ғалымдары береді, - деді Ершат ОҢҒАРОВ. ҚМДБ баспасөз қызметкері Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫНЫҢ хабарлауынша, семинардың тағы бір ерекшелігі - арнайы тақырыптар аясында тренингтер ұйымдастыру жоспарланған. - Демек, молдалар тек дәріс тыңдап қана қоймай, өз ойларын ортаға салып, жұмыс тәжірибесімен бөліседі. Уақытты тиімді әрі пайдалы өткізу мақсатында дәріс берушілермен еркін пікір алмасу, қосымша түнгі намаздарды (тәһажжуд) жамағатпен өтеу, Құран қайталау, хадис жаттау, кітап оқу сынды шаралар бағдарламаға енгізілді, - дейді ол. Ақтау, Атырау, Орал, Қызылорда, Қостанай қалаларынан келген 50-ге жуық дін қызметкерлеріне арнайы сертификат салтанатпен табысталмақ. Еркін НҰРЖАН, фото: ҚМБД сайты
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp