«Қайрат» командасы Суперкубоктың иегері атанды
Орал қаласында «Жайық арена» спорт кешенінде футзалдан тартысты дода өтті.

Орал қаласында футзалдан тартысты финал өтті. Байрақты бәсеге «Жайық арена» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Алматылық «Қайрат» пен «Семей» командасы тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде 1:0 есебімен «Қайрат» командасы жеңімпаз атанды.
Екінші таймның 35 минутында Қайраттың сапында жаңадан өнер көрсете бастаған бразилиялық ойыншы Рафао гол салды. Жаңа ойыншы командасын жеңіске жеткізді. Осылайша «Семейдің» қақпасына добын дәл тигізген «Қайрат» оныншы мәрте Қазақстанның Суперкубок иегері атанды.
Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, «Жайық арена» спорт кешенінде 1500 жуық жанкүйер ойынды тамашалапты.
Матч соңында үздік ойыншылар мен мамандар марапатталды. Олар:
- “Үздік жас ойыншы” — Малибеков Тимур («Семей»).
-“Үздік сұрмерген” — Андерсон Алвес («Семей»).
- “Үздік қақпашы” — Деннис Кавальканти («Қайрат»).
- “Үздік төреші” — Аслан Галаев.
- “Үздік ойыншы” — Андерсон Алвес («Семей»).
Батыс Қазақстан облысында бұрын-соңды футзалдан Суперкубок ойыны ұйымдастырылмапты. «Қайрат» пен «Семей» командаларының ойыны жаңа 2025-2026 жылғы маусымға жол ашты.
Фото авторы: Мейірбек Тажкуранов