Ақтөбеде құрылыс базарында өрт шықты. Оқиға Астана ауданында орналасқан «Жігер» құрылыс базарының аумағында тіркелген. Ақтөбе қаласы әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, хабарлама бойынша келген өрт сөндірушілер құрылыс материалдары сақталған қоймада тілсіз жаудың тұтанғанын анықтапты.
— Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары жедел жіберілді. Өртті сөндіруге ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының мамандары, ТЖМ 20982 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қызметтері, полиция департаментінің қызметкерлері және жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмылдырылды, – деп хабарлайды Ақтөбе қаласының әкімдігі.
Тілсіз жауды сөндіру үшін арнайы штаб құралған. Өрт сөндірушілер қызыл жалынның өзге аумаққа таралмауына, тілсіз жауды ауыздықтау үшін жұмыстануда жатыр. Әзірге тілсіз жау қанша аумаққа таралып, қанша жерге залал келтіргені туралы ақпар жоқ. Тек әкімдік өрттің кесірінен қаза тауып, жарақат алған жан баласы жоқ деп мәлімдеді.
Ал, оралдық өрт сөндірушілер төрт күн бойы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында тілсіз жаумен арпалысып жатыр.