Ақтауда жүкті келіншектерге жалған жәрдемақы тағайындауға көмектескен алаяқ бес жылға сотталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, сотталған есепші өзінің білімін ұтымды пайдаланып, мемлекетке 146 миллион теңгеден астам мемлекетке залал келтірген.
- Қатысушыларды тарту үшін Instagram әлеуметтік желісі арқылы өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу жөніндегі маман ретінде таныстырып, жәрдемақы көлемін арттыруға көмектесетінін уәде еткен. Схеманы жүзеге асыру үшін туыстары мен таныстарының атына нақты қызмет жүргізбеген бірнеше жеке кәсіпкер тіркелген. Жеке кәсіпкерлер мен тартылған тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, бухгалтер жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, есеп айырысу тізімдемелері, еңбек шарттары және өзге де бухгалтерлік құжаттарды дайындап, заңды еңбек қатынастары бар деген жалған көрініс қалыптастырған, -деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Жүкті келіншектерді жалған жұмысқа орналастырып, жәрдемақысы тағайындалғаннан кейін, жұмыс берушілер аударған төлемдерін кері қайтаруға өтініш беріп келген. Есепші осындай қылмыстық жолмен үш бөлмелі үй сатып алыпты. Сот үкімімен қылмыстық жолмен сатып алынған баспана мемлекеттің кірісіне тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген.