Ақтөбеде азаматтардың сеніміне кіріп, жалпы соммасы 197 миллион теңгеден астам қаражат жинаған қаржы пирамидасының жолы кесілді. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Соның кесірінен 115 адам зардап шекті.
Сотталғандар тұрғындарға «шетелде электросамокат шығаратын компаниямыз бар»,- деп таныстырған. Олар әлеуметтік желіде жалған жарнама беріп, кездесулер ұйымдастырғаны белгілі болды. Олар азаматтарды сендіру үшін облыс орталығында кеңсе жалдаған.
- Салым сомасы 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін болған, ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 АҚШ долларына дейін жеткен. Қаражатты заңдастыру үшін олар криптоәмияндар арқылы айналымға шығарып, кейін айырбастап, банк шоттарына аударып отырған, -деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Қылмыскерлер қаржы пирамидасынан түскен ақшаға үш көлік сатып алып, олардың туысының атына рәсімдепті.
Сот үкімімен ұйымдастырушылар алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын арқалады.Сондай-ақ судья заңсыз жолмен сатып алынған үш көлікті мемлекет кірісіне тәркіледі.
Сот үкімі заңды күшіне енді.