Ақтөбеде велосипедтер ұрлаған адам ұсталды. 48 жастағы тұрғын көпқабатты үйдің кіреберісінде тұрған велосипедтерді қолды қылыпты. Ол ұрланған затын сатып үлгерген. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің бес велосипедті ұрлағанын анықтапты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

-Алдын ала тергеу барысында күдіктінің Г. Жұбанов көшесінде еркін қол жеткізу арқылы жасөспірімнің велосипедін ұрлағаны анықталды. Келтірілген шығын көлемі 150 мың теңгені құрады. Бірнеше күннен кейін ер адам қайтадан қылмыс жасап, 11 шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінен дәл осындай тәсілмен AVA спорттық велосипедін ұрлаған. Аталған велосипед тросты құлыппен бекітілмеген. Жәбірленушіге келтірілген шығын 90 мың теңгені құрады, -деп хабарлады Polisia.kz.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.