Ақтөбеде заңсыз ломбард қызметін ұйымдастырған адамның ісі сотқа жолданды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлайды. Күдікті осы заңсыз кәсібінен 93 миллион теңге пайда тапқан.

Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, күдікті 2020-2025 жылдары аралығында тұрмыстық техниканы кепілге алып, қарызға ақша берген. Кепілге ұялы телефондар, теледидарлар, ойын приставкалары, фотоаппараттарды алған. Алайда күдіктінің ломбард қызметін жүргізуге лицензиясы болмапты. Ол тексерістен жалтару үшін қызметін комиссиондық дүкен деп жасырып келген.

- Қаржыға мұқтаж азаматтардың жағдайын пайдалана отырып, ол тәулігіне 3,7%-ға дейін жететін жоғары пайыздық мөлшерлемелер белгілеген. Бұл заңмен белгіленген 0,3% шектен 12 есе жоғары. Мәселен, бір клиент 257 000 теңге көлемінде он күнге қарыз рәсімдеп, комиссия шарты бойынша 51 400 теңге (тәулігіне 2%) сыйақы төлеуге мәжбүр болған. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 теңгеден аспауы тиіс еді (0,3%), -деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Сот санкциясымен күдіктінің үш көлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Күдіктіге қатысты елден шықпау мен тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылыпты.