4 часа назад

«Атамекен» ҰКП ішімдік тауарларын саудалауға тыйым салуға байланысты мәлімдеме жасады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшылары алкоголь өнімдерін дүкендерде сатуға тыйым салынса, кәсіпкерлер пайдадан қағылады деп мәлімдеді.

«Атамекен» ҰКП ішімдік тауарларын саудалауға тыйым салуға байланысты мәлімдеме жасады
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Жақында ішкі істер министрі дүкендерде алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу туралы ұсыныс айтты. Министр осылай масаң күйде жасалатын қылмыстың алдын алып, жазатайым оқиғаларды азайтуға болады деп сендірген еді. Бұл мәлімдеме қоғамда қызу талқыланып жатыр. 

Осыған байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да мәлімдеме жасап үлгерді. Кәсіпкерлер палатасы мұндай тыйымның кесірінен кәсіпкерлер табысының көп бөлігінен қағылады деген пікірін ортаға салды.

— Елімізде 175 мыңнан астам дүкен бар, олар табысының көп бөлігінен айырылуы мүмкін. Алкоголь – жоғары маржамен (20-25%) сатылатын аз тауардың бірі. Оны сатуға тыйым салу шағын және орта бизнестің таза кірісінің 70% дейін жоғалтуына әкеліп, жұмыс орындарының жойылуына ықпал етуі мүмкін, – деді «Атамекен» ҰКП ШОБ комитетінің мүшесі Марина Бошель.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин: «Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ, бастама барынша талқыланып жатыр», деп мәлімдеді.

Министрлік қолданыстағы шектеу шаралары тиімсіз деген пікірде екен. Өйткені кейбір жосықсыз кәсіпкерлер алкогольді тәулік бойы дәмхана ретінде немесе онлайн-жеткізу арқылы сатып, шектеулерді айналып өтуде.

Сарапшылар дүкендерде алкоголь сатуға толық тыйым салу заңсыз сауданың артуына және нарықтағы ірі кәсіпкерлердің монополиясына алып келуі мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда.

Қазіргі таңда ішкі істер министрлігінің бастамасы үкіметте жан-жақты талқыланып жатыр.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp