Ақтөбе облысында биыл 464 шақырым жол жөнделмек

Жол жөндеу мен салу үшін 60 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Ақтөбе облысында биыл 464 шақырым жол жөнделмек
Ақтөбе облысы әкімдігінің фотосы

Ақтөбе облысында биыл 464 шақырым жол жөнделіп, салынбақ. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының басқармасы басшысының орынбасары Есет Аманбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында мәлім етті. Басшы орынбасарының сөзіне сенсек, биыл  өңірде жол салып, жөндеу үшін қазынадан 59 миллиард 900 мың теңге қаржы бөлінген. Қыруар қаражатқан 156 жоба іске аспақ.

— 2025 жылы облыс аумағында автожолдарды салу және жөндеу бойынша 156 жобаны іске асыру көзделген. Оның 36-сы жергілікті маңызы бар жолдар, 120 жоба қалаішілік және елдімекен ішіндегі жолдар. Аталған жобалар толықтай іске асырылғаннан кейін жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі үлесі 82%-ге жетеді деп жоспарлануда, - деді Есет Аманбаев.

Соңғы үш жылда көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1,2 мың шақырымнан астам тас жолдар мен көше-жол желісі жөнделді. Бүгінгі таңда аймақта жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4412 километрді құрайды.  

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp