22-23 мамыр күндері Атырау қаласы қолөнер шеберлерінің жұмыстары көрмесіне қоса, дәм мен дәстүрге толы мереке ортасына айналады. Қаланың "Сұлтан Бейбарыс" алаңында "ШеберFEST - 2026" атты шеберлердің ауқымды халықаралық фестивалі өтеді.
Келуші қонақтарды сағат 11:00-ден бастап ұлттық рух пен жаңашыл нақышқа толы мерекелік атмосфера күтпек. Екі күн бойы болатын мереке кешкі 23:00-ге дейін Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қазақстан қолөнер шеберлерінің қолдарынан шыққан тамаша бұйымдарымен қатар, Атыраудың аграрлық дәстүрі мен заманауи гастрономиялық мүмкіндігін тоғыстырады. Сонымен қатар, "Атырау ЭТНО FEST - 2026" қала,аудан мәдениет күндері этнофестивалі де мерекенің көркін аша түседі.
Фестиваль алаңында 50 қолөнершінің туындылары көпшілік назарына ұсынылады. Қонақтар көне және заманауи қолөнер тәсілдерімен танысып, шеберлік сағаттарына қатыса алады. Шеберлердің бұйымдары көрмеге қойылып, сатылым ұйымдастырылады.
Ұлттық ас мәзірі, ыстық бауырсақ пен самаурын шайының хош иісі келушілерге ерекше әсер сыйлайды.
Халықаралық «ШеберFEST – 2026» — тері, киіз, ағаш, жүн, зергерлік және этно бағыттағы өнерді тоғыстырған мәдени алаң. Келушілер шеберлер мен суретшілердің туындыларын тамашалап қана қоймай, олармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, фестиваль аясында қолөнершілермен пікір алмасып, шеберлермен сұхбаттар өтеді. Ұлттық қолөнер құндылығын кеңінен насихаттау және өңірдің аграрлық-гастрономиялық әлеуетін дамыту бағыттарын талқылайды. Дефиле көрсетіліп, ұлттық ойындар ойнытылып, облыс, аудан қала өнерпаздарының концерттік бағдарламалары ұсынылып, гала-концерт қойылады.