Атыраудың Құрманғазы ауданында 85 егіз түлек мектеп бітірді. Бұл туралы Атырау облысы білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Биыл ауданда 625 түлек үлкен өмірге жолдама алыпты. Білім басқармасы: " бұл – өңір үшін сирек кездесетін әрі көпшіліктің қызығушылығын тудырған айтулы жағдай", деп атап өтті.
Егіз түлектердің басым бөлігі Еңбекші, Мұқанов, Нұрпейісова және Мүсірепов атындағы мектептерде білім алған. Олардың арасында 9-сынып және 11-сынып бітірушілері де бар. Аудан мектептері тарихында мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған.
– Биылғы түлектер білім сапасымен де ерекшеленді. 15 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 24 түлек үздік аттестатқа ие болды. ҰБТ-ның ІІ ақылы мүмкіндігі бойынша ең жоғары нәтижені Ә.Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Аманғали Аружан көрсетіп, 133 балл жинады. Сонымен қатар, Абай атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Ниетқалиев Али Арнольдович Қытайдағы Вэньчжоу университетінің «Халықаралық бизнес» мамандығы бойынша грант иегері атанды, – деп хабарлайды Атырау облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Тағы бір ерекше сәйкестік – 15 түлек мектеппен қоштасқан күні өздерінің туған күндерін де атап өтті. Олар үшін бұл күн қос қуанышқа айналды: бір жағынан – мектеппен қоштасу, екінші жағынан – жаңа өмір кезеңіне қадам басты.