9 часов назад

Автобус салоны мен жол жанында намаз оқу дұрыс па? БҚО наиб имамының жауабы

Намаз оқу — мұсылманның бес парызының бірі. Осы парызды қалай орындау керек? Намаз кімге парыз? Намаз оқудың әдебі қандай? Осы сұрақтарымызға Батыс Қазақстан облыстық мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаев жауап берді.

Намаз оқудың тәртібі қандай?
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде қоғамдық орында, автобус пен таксиде, жолдың бойында намазын оқып тұрған жандар туралы көп бейнежазба тарала бастады. Ол бейнежазбаларға қатысты желі қолданушылардың пікірі алуан. Бірі — намазды қалдырмау керек десе, енді бірі — қоғамдық орында намаз оқудың қажеті жоқ екенін жазыпты.

Қоғамда жиі талқыланған сауалды Батыс Қазақстан облысының мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаевтан сұрап білдік.

Намаз оқудың шаттары қандай?

— Намаз — мұсылман адамға Аллах тағала атынан жіберілген парыз. Оны шариғатта бекітілгесін, Құранда келгеннен кейін, оны орындаудың да бір шарттары бар. Ең бірінші ол мұсылман болуы керек. Ақыл-есі дұрыс болуы керек. Және балиғат жасына толған адам  болуы қажет. Осы шарттарға адам сай келсе, намаз оқуы шарт болады, — дейді Бағдат Шақаев.

Намаз оқудың қандай белгіленген шарттары бар?

— Намаз оқудың ішкі және сыртқы деген шарттары бар. Сыртқы шартына тоқталатын болсақ, бірінші тазалық болуы керек. Бойда дәрет болуы керек. Одан кейін нәжістен таза болуы керек. Ол киімнің нәжісінен таза және оқитын жерінің таза болуы маңызды. Мысалы, мал сойылып жатырған жерде, қан шашыраған жерде ол жерде оқымауы, немесе денесін ит жалап кетсе, қан тиіп қалса не кішкентай нәрестенің нәжісі тиіп кетсе, ондай жағдайда намаз оқуға болмайды. Сондықтан таза болуы керек. Содан кейін намаз оқитын адамның жүзі Құбылаға қарауы, уақыттың кіруі, ниет қылу деген сияқты шарттары бар, — дейді облыстық мешіттің наиб имамы.

Қай жерде намаз оқуға болады?

— Қазір қоғамда әр жерде намаз оқып жатырған роликтер таралып жатыр. Біз үшін таза болған кез-келген жер мешіт болып есептеледі. Мысалы, бір адам сапарға шықса, жол бойында кетіп бара жатып, намаздың уақыты шығып кету қаупі болса, жолдың жанына тоқтап, көлігінен түсіп, намаз оқыса болады. Пойызда кетіп бара жатқан жолаушы уақыт кіргенде отырған орнында немесе ыңғайлы жерге тұрып, намазын оқи алады. Ең бастысы көшеде кетіп бара жатқан тротуар (жолаушыларға арналған жол) жолда қақ ортасына тұрып алып, асығыс келе жатқан адамның жүруіне кедергі келтірмеуі керек. Бөгде адамға зиянын тигізбей, жүзін Құбылаға қарап, таза жерде болса, намаз оқуға болады. Қоғамдық көліктерді алатын болса, бір жерден екінші жерге жету уақыты болса, егер сіз ыңғайлы орынға немесе мешітке жетуге үлгерсеңіз, уақыт шықпаған болса, мейілінше сол жерге жетіп, мешітке кіріп, оқыған абзал. Намаздың уақыты кіргенде ыңғайлы жерде оқыған дұрыс. Егер сіз қоғамдық жерде жүрсеңіз, жүріс-тұрысыңыз баз біреуге кедергі келтіретін болса, ыңғайлы жер іздеп, намазхана, ол болмаса іргеден ыңғайлы жер тауып алу керек. Адамдар өтетін жерден, зиян тигізетін жерде намаз оқу ыңғайсыз болады. Бүкіл жер мешіт болып есептелмегенмен әр істің әдебі болады. Сол үшін әдепті сақтап, құлшылығыңыз біреуге зиян тигізбейтіндей, ақысына кірмейтіндей орындау қажет, — дейді Батыс Қазақстан облысы мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаев.

Имамдар намаз оқу, түрлі құлшылық жасау бөгде адамға зиянын келтіреуі керек деген ұстанымды біраз ауыздан айтады. Яғни, әрбір құлшылық ниеттің туралығымен, адал әрі ешкімге зиянын тигізбей, жан мен тәннің, айналаның тазалығымен орындалса, қабыл болар.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp