Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Шұғылалы көктеммен бірге күллі мұсылман қауым асыға күтетін Рамазан айы келіп жетті. Айлардың сұлтаны биыл 01 наурызда басталды.

Биыл мұсылмандар 29 күн ауыз бекітеді. 2025 жылғы Оразаның уақыты бекітіліп, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әрбір қалаға тиесілі кестені жариялады. Әр шаһардың тұрғындары межелі уақытта таңертең сәресіне ауыз бекітіп, ауызашарда ас-суын ішеді.
Биыл пітір садақа 655 теңге болып бекітті. Ал, Қадыр түні 26 наурыздан 27 наурызға қараған түні белгіленді.
Ораза- мұсылманға парыз етілген амалдың бірі. Қасиетті айда мұсылмандар ниетін туралап, құлшылыққа кіріседі. Олар Рамазан айында Алланың разылығы үшін деп ауыз бекітеді. Оразаның сыйын Хақ Тағала өзі бермек.
Рамазан айы-қайырымдылық айы. Осы айда жомарт жандар көмек сұраған жандарға көмектесіп жарысады. Берекелі айда жетім-жесірдің, қам көңіл адамға көмектескендерге мол сауап жазылады екен. Айлардың сұлтанында ораза ұстаған жандарға ауызашар көптеп беріледі. Ауызашар берген жандарға ораза ұстаған адамдардың сауабымен теңдей сауап жазылады екен.
Рамазан бұл-тек күндізгі уақытта ас-ауқаттан тартыну емес. Қасиетті айда адамның он екі мүшесі де ораза ұстайды. Айлардың сұлтанында зиянды әдеттерден аулақ болып, пенденің мінез-құлқы мен сабыры тәрбиеленеді. Ғалымдар Оразаны бұзатын амалдардан аулақ болуға шақырады.
Рамазан - Құран айы. Осы айда мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран кәрім түсті. Рамазанда құран оқып, сүрелерді жаттауға кеңес береді.
2025 жылы Ораза құлшылығы 29 наурызда аяқталады. 30 наурызда Ораза айт басталады. Айт таңғы намазан оқылған соң, 30 күн Алланың разылығы үшін ораза ұстаған жандар бір-бірін құттықтап, мерекені тойлайды.