Танымал актриса Жанель Серғазина “Мамский әңгімеге” берген сұхбатында әнші Еркеш Хасенмен арасындағы қарым-қатынасқа алғаш рет ашық тоқталды, деп хабарлайды Мой Город Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Өнер иесі Еркеш Хасенмен отандық “Егіз лебіз” жобасы барысында танысқанын айтады. Ол кезде әнші отбасылы болған.
“Біз жобаға қатысқан кезде тек жұмыс барысымен ғана араластық. Түсірілімдер қаңтарда басталды, наурызда аяқталды. Солай бәрі бітті”, – деді ол.
Актрисаның сөзінше, түсірілімнен кейін жобаға қатысқан команда бір-бірімен етене араласып, байланысын үзбеген.
“Жобадан кейін өте мықты команда жиналды. Арамызда өсек, жамандау, жарысу деген мүлде болмады. Әлі күнге дейін араласамыз. Бұдан бөлек, концерттерде де жүздесіп жүрдік”, – деді Жанель Серғазина.
Оның айтуынша, кейінгі кездесулердің бірінде өзі туралы ажырасуға қатысты сыбыс тарағанын естіген.
“Араласып жүргенде Нараға қалжыңдап “Маған мына қыз ұнайды” деп мені айтатын, Нара да оған “Енді сенің басың бос, неге көрмеске” дейтін. Ал мен мұның бәрін қалжың ретінде қабылдадым. Оған тіпті “Братишка” деп те тиісетінмін, ол оған ашуланатын”, – деді ол.
Жанель Серғазина мен Еркеш Хасен 2024 жылдың шілде айында некеге тұрған.
“Араласа бастағаннан кейін сөйлесіп, ұнаттық. Ол көңілін білдірді. Ғашық болдық, сосын үйлендік”, – деді актриса.
Ол өздеріне қатысты шу биыл жылдың басында күшейгенін айтып, мұндай жағдайды жеке өмірге араласу деп бағалайтынын жеткізді.
“Мен де жылдар бойы жинаған абыройымды біреудің отбасын бұзып, бір күнде шашқым келмейді. Мен де кішкентай бала емеспін, алдын ала сөйлестім”, – деді ол.
Актриса ешкімнің көңілдесі болмағанын, Еркеш Хасенмен қарым-қатынас басталар алдында оның еркін мәртебесіне көз жеткізгенін айтты.
“Ол маған “ажырастым, бос адаммын” деді. Мен де оның ажырасқанына нақты көз жеткіздім. Туыстарымен танысқанда олар да мұны растады. Мен көңілдес болған жоқпын, басы бос адаммен көңіл қостым”, – деді актриса.
Айта кетейік, биыл әлеуметтік желіде Еркеш Хасен отбасылы бола тұра актрисамен қарым-қатынаста болды деген сыбыстар тараған еді. Желі қолданушылары тарапынан бұл жағдай қызу талқыланып, олар қатысқан жобаларға бойкот жариялау туралы пікірлер де айтылған.