Күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысында 9515 бала бірінші сыныпқа қабылданды. Облыстық білім басқармасы биыл өңірде 11 мыңнан астам баланың алғаш мектеп табалдырығын аттайтынын хабарлады. Бірінші сыныпқа құжат тапсырған балалардың 77,5 пайызы қазақ тілінде оқуды таңдапты. Тек 2139 батысқазақстандық сәби орыс тілінде білім алуға ниетті екенін көрсеткен.
Биыл жаңа өзгерістерге сәйкес құжат қабылдау 27 мамырда басталды. Ата-ана перзентінің құжаттарын электронды үкімет порталы немесе тікелей білім беру ұйымдарына тапсыра алады.
- Биылғы жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің мектепалды даярлық сыныптарында білім алған және осы мектепте оқуын жалғастыруға ниет білдірген балалар ата-анасының (заңды өкілінің) жазбаша өтініші негізінде автоматты түрде қағаз нұсқада өтініш негізінде 1-сыныпқа қабылданады. Ал мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленген балалар белгіленген құжаттар топтамасын ұсынады, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Бірінші сыныпқа құжат тапсыру науқаны 31 тамызда аяқталады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Бөрлі ауданында 800-ден астам бала бірінші сыныпқа қабылданыпты.